
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. Кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында ІІМ басшысы жеке құрамға Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысын Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін ІІМ тергеу департаментін басқарған. Полиция генерал-майорының басқарушылық және тергеу саласында мол тәжірибесі бар екені, тергеушіден бастап орталық аппарат департаментінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өткені атап өтілді.
Министр департаменттің жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, мегаполистегі криминогендік жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Шымкенттегі соңғы оқиғаларға байланысты Ішкі істер министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін полиция департаментінің бастығы мен оның бірқатар орынбасары қызметтерінен босатылып, сондай-ақ аудандық бөліністердің жекелеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ полиция қатарындағы тәртіпті нығайту болды.
Министр ең алдымен қызметтік тәртіп пен заңды сақтауға ерекше назар аударды. Жұмыстағы жүйелі кемшіліктер көрсетіліп, қылмыстарға уақтылы ден қою және сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу жөнінде қатаң ұстаным білдірілді.
– Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді, – деп атап өтті Ержан Саденов.
Соңғы кезеңдегі жедел қызметтің қорытындылары қылмыстың әрбір түрі бойынша қаралып, олардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларға талдау жасалды.
Қылмыстық істерді тергеу сапасына ерекше көңіл бөлінді. Осы жылдың резонансты оқиғалары бойынша тергеу іс-шараларының барысы туралы ақпарат тыңдалды.
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда.
Министр тергеу-жедел бөліністеріне жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз етуді тапсырып, барлық кінәлі тұлғалар заң негізінде әділ жазасын алуы тиіс екенін атап өтті.
Одан бөлек ІІМ басшысы қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа құрамы ретінде сталкингке қарсы іс-қимыл мәселесіне арнайы тоқталды. Бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу, тергеушілерді мұндай қылмыстарды тергеу тәжірибесіне оқыту және формализмге жол бермеу тапсырылды. Қысым көрсету, қорқыту және қудалау туралы кез келген сигналдар дер кезінде анықталып, трагедиялық салдарға ұласқаннан кейін емес, уақтылы құқықтық баға алуы тиіс екені баса айтылды.
Кеңес аясында департамент басшылығы, салалық басқармалар мен полицияның аудандық бөліністерінің басшылары тыңдалды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жұмысы қатаң сынға алынды. ІІМ басшысы бейінді бөліністің қызметіндегі елеулі олқылықтарды, жұмыстың әлсіз ұйымдастырылуын және нақты нәтижелердің жоқтығын атап өтіп, қылмыстық топтарды әшкерелеу мен аса қауіпті қылмыстардың жолын кесу қажеттігін атап өтті.
Анықталған кемшіліктерді ескере отырып, кадрлық шешімдер қабылданды. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы және оның бөлімдерінің бірінің басшысы қызметтерінен босатылды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Министр профилактикалық жұмысты жандандыруды, есепте тұрған тұлғаларға бақылауды күшейтуді, тәуекел топтарымен жұмысты арттыруды, сондай-ақ қылмыстың алдын алу саласындағы түпкі нәтижелер үшін басшылардың жауапкершілігін көтеруді талап етті.
Сонымен бірге жол-көлік оқиғаларының санын азайту бойынша кешенді шаралар қабылдауды, Жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтуді, сыртқы қызметтер мен жедел басқару орталығының жұмысын жетілдіруді, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді белсендірек енгізуді тапсырды.
Министрдің нұсқауымен қалалық полиция бөліністерінде ІІМ-нің кешенді инспекторлық тексерісі басталды. Комиссия құрамына орталық аппараттың негізгі қызметтерінің өкілдері енгізіліп, оларға департамент пен оның аудандық бөлімдерінің қызметін жан-жақты зерделеу, жіберілген бұзушылықтардың себептерін анықтау және оларды жою бойынша нақты ұсыныстар беру тапсырылды.
Жұмыс сапары аясында министр ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті. Ол жас қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін қалыптастыруда және құқықтық тәртіпті нығайтуда тәлімгерлік институтының маңызын атап өтті.