
"Нұрлы жол" вокзалы мен елорда әуежайында "Құқықтық дәріхана" атты профилактикалық акция өтті.
"Нұрлы жол" теміржол вокзалы мен елорда әуежайында Көліктегі полиция департаменті мен Бас көлік прокуратурасы қызметкерлері бірлескен "Құқықтық дәріхана" атты ауқымды профилактикалық акция өтті.
Бұл іс-шара азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша халықпен өзара іс-қимылды нығайтуға, "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыруға, сондай-ақ қоғаммен кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Акция форматы елорда тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді әрі бейресми жағдайда білікті құқықтық көмек алуға мүмкіндік берді.
Акция барысында азаматтар алдын ала жазылусыз-ақ құқық қорғау органдарының басшыларына және салалық мамандарға тікелей жүгініп, әкімшілік және көші-қон заңнамасына, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты сұрақтарға жауап алды.
– Біздің басты міндетіміз — азаматтар үшін барынша ашық әрі қолжетімді болу. Әрбір адам құқықтық көмек алып, өзін мазалаған сұрақтарға жедел түсіндірме алып, құқық қорғау органдары тарапынан нақты қолдауды сезінуі маңызды. Мұндай қарым-қатынас форматы халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтады, — деді Астана қаласы көлік прокуратурасының аға прокуроры Гауһар Маханбетова.
Ал әуежайдағы желілік полиция бөлімінің бастығы Саян Омаров мұндай ауқымды іс-шаралардың құқықбұзушылықтардың алдын алуда және қоғаммен сындарлы диалог орнатуда маңызды рөл атқаратынын айтты.
Күту залында болған азаматтар айтулы іс-шараны ұйымдастушыларға әуежайлар мен вокзалдарда, жолаушылар пойыздарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон мәселелері және өздерін толғандырған мәселелерге қатысты сұрақтар қойды.
Өтініштердің басым бөлігі жеке сипатта болды. Кейбір өтініштер бойынша тиісті қызметтер мен бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтардан түскен барлық өтініштер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Алдағы уақытта осындай іс-шараларды еліміздің өзге де көлік инфрақұрылымы нысандарында өткізу жоспарлануда.