ІІМ делегациясы Үндістанға іссапармен барды

ІІМ делегациясы Үндістанға іссапармен барды

     ҚР ІІМ және Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері үндістандық әріптестерімен құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

     Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстан делегациясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбековтің басшылығымен Үндістанның Ұлттық сот сараптамасы университетіне барды.

     Бұл университет – сот сараптамасы, криминалистика, цифрлық сараптама және сот медицинасы салаларындағы Үндістанның жетекші мамандандырылған жоғары оқу орны.

     Келіссөз барысында тараптар заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу және цифрлық криминалистика саласындағы ғылыми-әдістемелік базаны дамыту бағытында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

     Қазақстан құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін қос дипломды білім беруді іске қосу мәселесіне ерекше назар аударылды.

     Бұл бастаманы іске асыру криминалистика және цифрлық тергеу саласындағы мамандарды даярлаудың озық халықаралық тәжірибесін игеруге мүмкіндік береді.

     Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларының, оқытушылар мен тыңдаушылардың академиялық ұтқырлығының, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен біліктілікті арттыруға арналған мамандандырылған курстар өткізудің жоғары әлеуетін атап өтті.

     Сапар қорытындысы бойынша алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жан-жақты айқындайтын тиісті хаттамаға қол қойылды.