Жетісу облысында заңсыз call-орталықтың қызметі тоқтатылды

Жетісу облысында заңсыз call-орталықтың қызметі тоқтатылды

     Жетісу облысы полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ауқымды интернет-алаяқтықпен айналысқан адамдардың заңсыз әрекетін әшкереледі. Заңсыз схеманың ұйымдастырушысы Алматы қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол қатысушылар арасында міндеттерді нақты бөліп, жасырын call-орталық құрған.

     Алаяқтар әлеуметтік желілер мен Telegram мессенджері арқылы әрекет етіп, "дроптар" мен ақшаны қолма-қол айналдыру сервистерін пайдаланған. Қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерінің салдарынан 57 адам зардап шекті, оның ішінде жекелеген жәбірленушілер бір млн теңгеден асатын қаражатынан айырылған. Келтірілген жалпы шығын 36 млн теңгеден асты.

     Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жүрген өзге де күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды.

     Жетісу облысының полициясы азаматтарды қырағылық сақтауға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге және алаяқтық фактілері туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.