
Түркістан облысында полицейлер жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қауіпсіз қоғам қалыптастыру мақсатында оқушылармен кездесу өткізді.
Іс-шара Кентау қаласында орналасқан Д. Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектепте өтті.
Кездесуге Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Умбеталиев, жедел уәкіл Бексұлтан Ташимов, мектеп әкімшілігі және Кентау қалалық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы Н. Парманов қатысты.
300-ден астам оқушыны қамтыған жиында нашақорлықтың, лудоманияның, дропперлік қызметтің, есірткіні заңсыз тасымалдаудың, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, сондай-ақ буллинг, кибербуллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Ерлан Умбеталиев оқушыларға өмір қауіпсіздігі, құқықтық жауапкершілік пен дұрыс өмірлік таңдау жасаудың маңыздылығы туралы айтып, сапалы білім алып, заңға бағынатын, елжанды азамат болып қалыптасуға шақырды.