Ақмола облысында заңсыз фитозертхана анықталды: 70 түп қарасора тәркіленді

Ақмола облысында заңсыз фитозертхана анықталды: 70 түп қарасора тәркіленді

     Ақмола облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері Есіл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Московское ауылында құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге арналған фитозертхананы анықтап, жойды.

     Тінту барысында қарасора өсірілген 70-тен астам гүл құмырасы, сондай-ақ өсімдіктерді суару, күтіп-баптау және өңдеуге арналған арнайы жабдықтар тәркіленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде заңсыз фитозертхананы ұйымдастырушы мен оның көмекшісі анықталды.

     Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Ақмола облысы Есіл қаласының 32 жастағы тұрғыны өз тұрғылықты жерінен шамамен 50 шақырым қашықтықта орналасқан Московское ауылында заңсыз өндірісті жабдықтаған. Ал зертхана орналасқан жерде оның көмекшісі — ауылдың 42 жастағы тұрғыны заңсыз бизнесті бақылап отырған кезінде ұсталды.

     Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өткен жылдың соңында дайын өнімді жинап үлгерген, ал биылғы жылдың басында жаңа өсімдіктерді отырғызған. Алайда полиция қызметкерлері заңсыз әрекетті дер кезінде тоқтатты.

     Айта кетейік, бұған дейін аталған азамат құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.