
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Астанада жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алуға және салауатты өмірлік бағдар қалыптастыруға бағытталған "Астана – есірткісіз қала" форумы өтті. Іс-шараны Астана қаласы полиция департаменті Astana IT University-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесуге депутаттар, танымал спортшылар, белгілі блогерлер, медицина мамандары, қоғам қайраткерлері және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Ашық диалог форматында олар студенттермен саналы таңдау, жеке жауапкершілік және өзін-өзі жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Форум барысында тақырыптық бейнероликтер көрсетіліп, кейін жанданды пікір алмасулар өтті. Спикерлер профилактика тек жағымсыз салдардың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жастардың дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің жұмысына ерекше назар аударылды. Алдағы бір жыл ішінде елорданың мектептері, колледждері мен жоғары оқу орындарын қамтып, жастардың өздері қатысатын кездесулерді, дәрістерді және интерактивті форматтарды жалғастыру жоспарлануда.
Негізгі бағыттардың бірі – жастарды белсенді әлеуметтік қызметке тарту. Қазіргі таңда жастар полициямен бірлесіп есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтау және бояп өшіру бойынша рейдтерге, сондай-ақ зиянды әдеттерге балама ұсынатын спорттық, шығармашылық және бұқаралық іс-шараларға қатысуда.
Интернет кеңістігіндегі профилактикаға да ерекше мән берілуде. Блогерлер мен медиа тұлғалармен бірлесіп, есірткіден бас тартуға шақыратын әлеуметтік бейнероликтер мен үндеулер дайындалуда.
Бұл маңызды ойларды жастарға түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар елордада профилактикалық жұмыстың жалғасатынын және мұндай кездесулердің тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті.