Қарағандыда полицейлер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүретіндерге қарсы күресті күшейтті

Қарағандыда полицейлер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүретіндерге қарсы күресті күшейтті

     Қарағанды облысының аумағында "Жалған нөмірлер" атауымен жедел-профилактикалық іс-шара қарқынды түрде өткізілуде. Оның басты мақсаты – жалған әрі қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерімен жүрген көлік құралдарын анықтап, заңсыз әрекеттердің жолын кесу.

     Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтару немесе көлік ұрлау деректерін жасыру мақсатында кейбір көлік иелері түрлі қитұрқы тәсілдерге барады. Алайда мұндай заңбұзушылықтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қырағы назарынан тыс қалмайды.

     Кешкі уақытта Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны Lada автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көлікте орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерінің басқа көлік құралына тиесілі екені белгілі болды.

     Аталған дерек бойынша 47 жастағы жүргізушіге қатысты көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерімен көлік басқарғаны үшін әкімшілік хаттама рәсімделді. Заңбұзушының автокөлігі арнайы айыптұраққа қойылды.

     Ресми статистика бұл мәселенің өзектілігін аңғартады: 2025 жылы патрульдік полиция қызметкерлері жалған нөмір орнатудың 50 дерегін және осындай заңбұзушылықпен көлік басқарудың 39 фактісін анықтаған.

     Қазіргі таңда "Жалған нөмірлер" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Полиция азаматтарды жолда заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға және сақ болуға шақырады.