Жамбыл облысы ПД бастығы ең тәртіпті жүргізушімен кездесті

Жамбыл облысы ПД бастығы ең тәртіпті жүргізушімен кездесті

 

Ең тәртіпті жүргізуші 60 жылдан аса көлік басқарып, бірде-бір рет ереже бұзбаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Лидия Сидоренко 85 жаста, жүргізуші өтілі 61 жылды құрайды. Ол жолда өзін тәртіпті ұстаудың үлгісі болып табылады – осы уақытқа дейін ол бірде-бір бұзушылық жасамаған. Осы уақытқа дейін барлығы төрт автомобиль басқарған: беріліс қорабы рульмен басқарылатын “Москвич-восьмерочка”, Лидия Александровна оны осылай еркелетіп атаған, сосын қызыл түсті “Москвич – 2140”, 1990 жылы оны ақшыл-сары түсті “ВАЗ-2106” маркалы көлікке алмастырған. 2011 жылы “Волга” ГАЗ-24 машинасы болған, облыс жүргізушісі оны әлі күнге дейін басқарады.

Жүргізуші куәлігін Жамбыл қаласында 1959 жылы алған, бірақ ешбір көлік ұйымында жұмыс істемеген, ұзақ жылдар бойы облыстық тұтынушылар одағында еңбектенген.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының аумағында Лидия Сидоренконың Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменовпен кездесуі өтті. Онда қатарласып – “Волга”, “Москвич”, “Жигули” маркалы жеті ретромашиналар бой түзеді. Олардың кейбірін Лидия Александровна жеке өзі басқарып, полицияның жас қызметкерлеріне көлік басқару шеберлігін көрсетті.

– Көп жылдар бойы Қазақстан Республикасының заңдарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жоғары саналық және жауапты азаматтық позиция ұстанғаныңыз үшін Сізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Азаматтарымыздың арасында жүргізушілер тәртібін қалыптастыруға және нығайтуға қосқан үлесіңіз баға жетпес. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін! – деді Жанат Сүлейменов.

Генерал Лидия Сидоренкоға алғыс хат, гүл шоғы және құнды сыйлық тапсыра отырып, ықыласын білдірді.

ПД басшылығына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыс айтып, Лидия Сидоренко барлық жүргізушілерге келесі сөздерін арнады:

– Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтаңыздар, жол үстінде жүргізушілер ретінде бір-бірлеріңізді қадірлеңіздер. Әсіресе бұл жастарға қатысты. Сонда ғана тәртіп орнап, жол-көлік оқиғалары мен қайғылы оқиғалар аз болмақ.

Кездесу, кеңестік заманның автомобиль құрылысы тарихына кішігірім экскурсиямен аяқталып, ең тәртіпті жүргізуші 85 жастағы Лидия Сидоренко қойылған ретроавтомобильдер ерекшеліктері туралы әңгімелеп, іс жүзінде көліктерді басқарып көрсетті.