ІІМ ел аумағында кең ауқымды “Автобус” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді

ІІМ ел аумағында кең ауқымды “Автобус” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді

 

Автопарктердің 126 қызметкері жолаушылар тасымалы саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ ел аумағында кең ауқымды “Автобус” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл іс-шара тұрақты түрде өткізіліп тұрады және ол жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын апаттар санын азайтуға, сондай-ақ автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Жедел алдын алу іс-шарасына полиция қызметкерлерімен бірге көліктік бақылау, ТЖ органдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Үш күндік рейд барысында автобус жүргізушілері жасаған жол қозғалысы ережелерін бұзудың 10 мыңға жуық жағдайы анықталды.

Олардың ең көбі Түркістан (1063), Қарағанды (794), Алматы (775), Павлодар (715), Шығыс Қазақстан (708) және Маңғыстау (704) облыстарында, сондай-ақ Алматы (744) және Нұр-Сұлтан (702) қалаларында анықталды.

Сондай-ақ, полицейлер мас күйінде жолаушылар көлігін басқарудың 15 фактісінің жолын кесті. Барлық жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады.

Бұдан басқа, еңбек және демалыс режимін бұзудың 43 фактісі, сақтандыру заңнамасын бұза отырып көлікті басқарудың 264 фактісі, техникалық байқаудан өтпеген және заңсыз қайта жабдықталған 1 мыңнан астам автобус, жылдамдықты арттырудың 300-ге жуық фактісі анықталды, жолаушыларды тасымалдау кезінде 1700-ден астам автобус жүргізушісі телефонды пайдаланған, сондай-ақ 114-і жолаушыларды заңсыз тасымалдаған.

Заң бұзушылықтары бар автобустарды жолға шығарғаны үшін автобус парктері басшыларының қатарынан 126 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал жекелеген жағдайларда жолаушыларды тасымалдауға арналған шарттарды бұза отырып, лицензиялардың қолданылуы тоқтатылды.

377 заңсыз қайта жабдықталған автобус, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған техникалық жай-күйі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдары анықталды.

292 көлік құралы айып тұрағына қойылды.

Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция және ТЖМ қызметкерлері автобустардың алдағы қыс кезінде пайдалануға сәйкестігін (жылыту, отын беру, қозғалтқышты майлау жүйелері, өрт сөндіру құралдарының болуы және т. б.) тексерді.

Жалпы, ағымдағы жылдың тоғыз айындағы деректер бойынша автобус жүргізушілерінің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының саны 352-ден 215-ке дейін 39 % төмендеген.

– Автобус жүргізушілері мен автопарк басшылары жол қозғалысы және жолаушыларды тасымалдау ережелерін әрдайым есте сақтауы және бұзбауы тиіс. Олар өз жолаушылары мен жол қозғалысына қатысушылардың өміріне жауап береді. Сондықтан автобусқа отырған кезде адамдар өздерін толық қауіпсіз сезінуі тиіс, – деп атап өтті ІІМ Әкімшілік полиция комитеті.