
Алматыда полиция қызметкерлері жоғары азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп, денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған жаппай қан тапсыру акциясына қатысты.
Акция аясында саптық бөлімшелердің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, жедел қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері қатарынан жүзден астам полиция қызметкері ерікті түрде донор болып, қан құюға мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетті.
– Әрбір қан тамшысы – бір адамның өміріне берілген мүмкіндік. Полиция қызметкерлері тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғам денсаулығын нығайтуға да белсенді түрде атсалысады. Осындай ынтымақ, жауапкершілік пен көмектесуге дайын болу – қызметтік борыш пен адами құндылықтардың айқын көрінісі, – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.
Донорлық акцияға қатысу – мейірімділік пен жанашырлықтың белгісі ғана емес, әсіресе қысқы мерекелер кезеңінде арта түсетін қанға деген сұранысты өтеуге бағытталған, ұлт денсаулығын нығайтудың маңызды үлесі.
– Біздің әрекетіміз өзгелерді де бейжай қалмай, игі іске қосылуға жетелейді деп сенеміз. Қан тапсыру арқылы біз оған аса мұқтаж жандарға бір қадам жақындай түсеміз, – деп түйіндеді Әділғожа Құсайынов.