Еліміздегі қылмыстық істердің 95%-ын ІІО тергейді

Еліміздегі қылмыстық істердің 95%-ын ІІО тергейді

     Тергеу - дәлдік пен әділдікті, мұқияттылық пен бар зейінді талап ететін сала. Әрбір іс – бір тағдыр. Әрбір айғақ – ақиқатқа апаратын баспалдақ. Пазл бөліктерін жинағандай шырғалаңнан шындықты шығару – тергеушінің миссиясы.

     ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев 2025 жылды қорытындылады.

     - Мұхтар Жұмабайұлы, тергеу бөліністерінің негізгі қызметіне тоқталып өтіңізші?!

     - Қазіргі тергеу мен анықтаудың алдында тұрған негізгі басым міндеттері - тергеу барысында қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу және қылмыспен келтірілген шығынның өндірілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тергеудің мерзімі мен сапасын сақтау, қылмыстың жасалуына ықпал еткен мән-жайларды анықтап, жоюға шара қолдану, - деді спикер.

     Елімізде тіркелетін қылмыстық істердің 95%-ын ішкі істер органдары тергейді. Бұл ретте полицияның қамтитын бағыты ауқымды. Сәйкесінше қызметкерлерге тиесілі жүктеме де көп.

     - Жыл басынан бері тергеушілер мен анықтаушылардың өндірісінде 216 мыңдай қылмыстық іс болып, жалпы 54 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деді полиция генерал-майоры.

     Биыл тергеушілер мен анықтаушылардың жұмысының арқасында аяқталған істер бойынша келтірілген шығынның 40%-ы өндірілді.

     - Павлодар облысында алаяқтар бір азаматқа хабарласып, өздерін қаржы компаниясының заңгерлеріміз деп таныстырып, жәбірленушінің қаржы инвестициясына салынған қаражатын қайтарып береміз деп сеніміне кіріп, 90 млн теңгедей ақшасын жымқырған. Жәбірленушінің уақтылы полицияға хабарласуының арқасында осы қылмыстың схемасында пайдаланылған криптоәмияндар және бірнеше дроппер анықталып, сонымен бірге қылмыстың ұйымдастырушысы да құрықталды. Қазіргі кезде жәбірленушінің шығыны жартылай өтелді, қалған сомасын анықтап, өндіру жұмысы жалғасуда, - деді Қожаев.

     - Қандай істер тергеуде қиындық туғызады?

     - Қазір жалпы әлемде цифрландыруға көп процестің өтуіне байланысты қылмыстардың да құрылымы өзгерді деп айтуға болады. Елімізде тіркелетін қылмыстардың 40%-ын алаяқтық қылмыстар құрайды. Ал оның 60%-ы интернет арқылы жасалады. Бұл қылмыстарды тергеудің ерекшеліктері де, күрделілігі де бар. Алаяқтар өздерінің әрекеттерін барынша бүркемелеуге тырысады. Олар қылмыстарды жасау барысында цифрлық сервистерді, үшінші тұлғаларды пайдаланады. Көп жағдайда ұйымдастырушылары біздің елімізден тыс жерде, яғни басқа мемлекеттерде болады. Сондықтан олардың қатысуымен жедел-тергеу амалдарын жүргізу біраз қиындықтар туғызады. Соған қарамастан біздер өз тарапымыздан тиісті шаралар қолданудамыз. Осы жылы біздің ІІМ Тергеу департаментімен 26 адамнан тұратын үлкен топқа қатысты трансұлттық қылмыстық белгісімен тергеу аяқталды. Жалпы қылмыстың тәсілі мен схемасына келетін болсақ, олар шетелден біздің елімізге sim-box деп аталатын құрылғыларды енгізіп, біздің еліміздің операторларының атына тіркелген көптеген sim-карталарды пайдаланған. Жалпы тергеу барысында 18 мыңдай sim-карта тәркіленген болатын және 28 sim-box құрылғысы алынды. Күдіктілердің барлығы қамалды. Қылмыстық топтың дер кезінде құрықталуына байланысты олар көптеген азаматтарымызға шығын келтіріп үлгермеді, - деді спикер.

     Қазақстан Ішкі істер министрлігінің тергеу бөліністері шетелдік әріптестерімен де тығыз байланыста. Бір-біріне сұрау жіберіп, өзара ақпарат алмасады.

     - Тергеушілердің негізгі міндеттерінің бірі қылмысқа ықпал ететін мән-жайларды болдырмау, жою деп атап өттіңіз. Бұны қалай түсіндіресіз?

     - Бұл профилактиканың бір түрі деп айтса да болады. Осы функция Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабының тәртібінде қарастырылған негізде ұсыныс енгізу арқылы жүзеге асырылады. Жалпы осы жылы біздің тергеушілеріміз бен анықтаушыларымыз өндірісте болған қылмыстық істермен 55 мыңнан астам ұсыныс енгізді. Олардың бағытталған адресаттары әртүрлі мемлекеттер органдар және қылмысты болдырмауға септігін тигізетін мекемелер, сондай-ақ басқа да сол сияқты ұйымдар. Ұсыныстардың қаралуының нәтижесінде біраз нақты шаралар қабылданды. Соның ішінде қылмыс жасалатын қауіпті аймақтарда немесе бұрын орын алған жерлерде 1200-дей бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен бірге жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті трассаларда 1100-дей әртүрлі жол белгілері қойылып, техникалық жұмыстар атқарылды. Заңсыз әрекеттерге жол берген 70 кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыстары тоқтатылды. Оның ішінде түнгі уақытта заңсыз спирттік ішімдік сатып, қылмыстың жасалуына ықпал еткен дүкендер бар. Сондай-ақ қайталап қылмыс жасауға жол берген бұрын шартты түрде сотталған 12 адам бас бостандығынан айыру мекемелеріне қайтарылды. 130 мектепте профилактикалық түсіндірме шаралары өткізілді, - деді департамент бастығы.

     Алматы және Жамбыл облыстарында тергеушілердің ұсыныстары бойынша қараусыз жүрген малды ұстауға арналған қоралар салынып, 4,5 мыңнан астам жылқыға чип тағылып, шаруа қожалықтарының аумағына бейнебақылау камералары орнатылды.

     Бұл ретте жол қауіпсіздігі де басты назарда. Жол-көлік апаттарын болдырмау мақсатында полиция трассалар мен жолдарға жауапты мекемелерге ұсыныс енгізіп, жарықтар, шамдар, қорғаныс қоршауларын орнатуға септігін тигізеді.

     Тергеушілер үнемі біліктілігін арттырып отырады. Заңнамаға өзгеріс енгізілетін болса, олар арнайы дайындықтан өтеді. Ведомство тарапынан оқыту жұмыстары жүргізіледі. Яғни, жаңа заң нормалары қолданысқа кіргенге дейін тергеушілер сақадай сай дайын болады.

     Ішкі істер министрлігі өткен жылдардағы қылмыстарды назардан тыс қалдырмайды. Тергеушілердің қырағылығының арқасында айғақтар қайта жаңғырып, барлық мән-жайлар мұқият зерделенеді.

     - Алматы қаласында биыл тергеушінің біліктілігінің арқасында 11 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды. Зейнеткерді қасақана өлтірген қаскөй құрықталмай келген болатын. Сол қылмыстық істі қайтадан көтеріп, дәлелдемелерге толық талдау жүргізіліп, куәгерлер мен туыстарынан қосымша жауаптар алынып, олардың уәждерін тексеру барысында қылмыс ашылды. Дұрыс сұрақ қою, дұрыс тактика өз нәтижесін берді. Қылмысты жасаған марқұмның өзінің қызы болып шықты. Бұл қылмысты ол пайдакүнемдік мақсатта жасағаны белгілі болды, - деді спикер.