
Алматы қаласында жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқанжапырақты ағаштарды қорғауға бағытталған республикалық жедел-профилактикалық "Шырша"іс-шарасы басталды.
Аталған шара 15–31 желтоқсан аралығында өткізіліп, жас көшеттерді заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сатудың алдын алуға бағытталған. Мерекелік кезеңде қылқанжапырақты ағаштарды қорғауға ерекше мән беріледі.
Осы мақсатта полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдардың қатысуымен бірлескен рейдтік топтар құрылып, ағаш өсетін аумақтарда, сауда орындарында және автожолдарда тұрақты патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз дайындау немесе сату деректері анықталған әрбір жағдайда тиісті тексеру жүргізіліп, ағаштардың шығу тегі жан-жақты анықталады.
- Мерекелер қарсаңында қылқанжапырақты ағаштарды қорғау - басты назардағы міндеттердің бірі. Жасыл желекті сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Осы ретте қала тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғауға белсенді атсалысуға шақырамыз, - деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Алматы қаласы полиция департаменті қылқанжапырақты ағаштарды қорғау және сақтау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін еске салып, қала тұрғындары мен қонақтарын ағаштарды заңсыз кесу, бүлдіру немесе жою фактілері туралы "102" нөмірі арқылы полицияға хабарлауға шақырады.