Павлодар облысында полицейлер "Есірткіге жол жоқ!" акциясын өткізді

Павлодар облысында полицейлер "Есірткіге жол жоқ!" акциясын өткізді

     "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында қала көшелерінде және республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және есірткі қылмыстарының алдын алуға бағытталған "Есірткіге жол жоқ!" акциясын өткізді.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – көлік құралын есірткілік мас күйінде басқарудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

– Соңғы уақытта көлік құралын есірткілік мас күйінде басқарған жүргізушілерді ұстау деректері жиілеп отыр. Бүгін біз жүргізушілерге мас күйде көлік басқарудың салдарын түсіндірудеміз. Биыл 1479 жүргізуші мас күйінде рөлге отырған. Сот шешімімен олар 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынған. Алайда мұндай жаза да кей жағдайда әсер етпей жатады. 111 жүргізуші бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйінде көлік басқарған, – деді Павлодар қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.

     Полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын, соның ішінде онлайн-сервистер арқылы жұмыс істейтін көлік құралдарына ерекше назар аударды. Себебі мұндай көліктер үнемі қозғалыста болып, құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін.

     Акция барысында полиция қызметкерлері жеңіл автокөліктерді тексеріп, жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізді. Құқық қорғау органдары өкілдері қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін жауапкершілікті еске салды, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерге тартудың алдын алу жолдары туралы ақпарат берді.

     Әрбір жүргізушіге заң талаптарын сақтау жөніндегі ұсыныстар мен есірткі құқық бұзушылықтары туралы анонимді түрде хабарлауға болатын сенім телефонының байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.