ІІМ: Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданудың 90 дерегі анықталды

ІІМ: Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданудың 90 дерегі анықталды

     Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық пиротехникалық бұйымдарын жеке және заңды тұлғалардың белгіленген талаптарды сақтауын бақылау мақсатында "Пиротехника" шарасы өтуде.

     Шараны өткізу үшін 1 мыңнан астам бірлескен рейдтік топ құрылды, олар 2 мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізді.

– Іс-шара барысында пиротехникалық бұйымдардың айналымы қағидаларын бұзудың 90-ға жуық дерегі анықталды. Оның ішінде тауарлар немесе өзге де заттарды заңсыз сату бойынша 84 дерек және елді мекендерде әрі арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдану арқылы азаматтардың тыныштығын бұзу бойынша 5 дерек тіркелді. Құқық бұзушылардан 705-тен астам дана және 100-ге жуық қорап сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді. Қауіпсіздік мақсатында пиротехникалық бұйымдарды тек осы қызмет түріне тиісті лицензиясы бар мамандандырылған дүкендерден және стационарлық сауда павильондарынан ғана сатып алу қажет. Пиротехниканы, яғни петардалар, фейерверктер, бенгаль оттарын сатып алу кезінде сатушылардан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету керек. Әрбір пиротехникалық бұйымда мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану жөніндегі толық нұсқаулықтың болуы міндетті. Нұсқаулықпен танысқан кезде сақтау мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Егер өнімнің мерзімі өтіп кеткен болса, оны пайдалануға қатаң тыйым салынады. Мереке күндеріңіз қауіпсіз болсын. Қауіпсіздік - қарапайым қағидалар сақталған жерден басталады, – деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.