Павлодар облысында "Шырша" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Павлодар облысында "Шырша" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

     Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Павлодар облысының полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтті. Іс-шара аясында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу деректерінің алдын алу, сондай-ақ олардың базарларда және басқа да орындарда заңсыз сатылуына жол бермеу басты назарға алынды.

     Өңір аумағында полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау органдары өкілдерінен құралған мобильді топтар жұмыс істеуде. Бірлескен рейдтік іс-шаралар тәулік бойы ұйымдастырылып, 15 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты жас ағаштарды заңсыз кесу фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Автожолдарда арнайы бекеттер қойылып, қылқан жапырақты ағаштарды тасымалдаудың заңдылығы, олардың шығу тегі, сатып алу, қайта сату және дайындау көздері мұқият тексерілуде.

     Аталған профилактикалық шаралар 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Рейд барысында жергілікті атқарушы орган белгілеген сауда орындарынан тыс жерлерде жүзеге асырылған 5 заңсыз сауда фактісі анықталып, барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ведомство өкілдері сатушылар арасында аумақты абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатқанын атап өтті.