Павлодарда полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізді

Павлодарда полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізді

     Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы жалпы білім беретін мектептің 10–11 сынып оқушыларымен құқық қорғау органдарының қызметкерлері "Кәмелетке толмағандарды есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымына тарту" тақырыбында профилактикалық әңгіме жүргізді.

     Кездесу "Заң және тәртіп" идеологиясы аясында ұйымдастырылып, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және өз әрекеттеріне саналы көзқарас орнықтыруға бағытталды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін әрекеттер туралы кеңінен түсіндіріп, қоғамдық орындарда және интернет кеңістігінде өзін-өзі ұстау ережелерін сақтаудың маңыздылығына назар аударды.

     Сондай-ақ заң талаптарын сақтау, заңға бағынған және салауатты өмір салтын ұстану қажеттігі еске салынды.

– Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді, – деп атап өтті Павлодар қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова.

     Қорытындылай келе, оқушылар алған білім мен ұсыныстар саналы таңдау жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға, рухани және физикалық тұрғыда дамуға, сондай-ақ құқық бұзушылыққа алып келуі мүмкін жағдайлардан аулақ болуға көмектесетінін жеткізді.

     Мұндай профилактикалық шаралар қоғамның болашағына салынған маңызды инвестиция болып табылады. Өйткені жауапты, заңға бағынатын және дені сау жастарды тәрбиелеу — тұрақты әрі өркендеген мемлекеттің негізі.