
Ішкі істер министрлігінде қылмыстық-атқару жүйесі күні атап өтілді. Сала қызметкерлері мен ардагерлерін ведомство басшысы Ержан Саденов құттықтады.
- Биыл бұл мереке алғаш рет ресми түрде аталып отыр. Бұл - сіздердің күнделікті еңбектеріңізге, Заң мен Тәртіпті сақтау жолындағы қызметтеріңізге көрсетілген құрмет. Қылмыстық-атқару жүйесі - елдегі құқықтық тәртіптің берік негіздерінің бірі. Сот үкімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, мекемедегі тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, жаза өтеушілермен жұмыс жүргізу, оларды қайта оңалту - мұның барлығы оңай жұмыс емес. Бұл сабырды, төзімді, жылдам және нақты шешімді қабылдауды талап етеді. Соған қарамастан, сіздер заң жолында аянбай қызмет етіп, адам құқықтарын қорғау принциптерін берік ұстанып келесіздер, - деді министр.
Қылмыстық-атқару жүйесі саласында бүгінде жеті мыңнан астам ардагер бар, олар жас буын қызметкерлерге көмектесіп, бағыт-бағдар беріп келеді. Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде 26 қызметкер көз жұмған. Олардың ерліктері - Отанға адал қызмет етудің шынайы үлгісі.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері мен ардагерлерінің құрметіне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Эстрада жұлдыздары өз өнерлерін паш етті.