
Қазақстанның "Динамо" дене шынықтыру-спорт қауымдастығына – 100 жыл. Осыған орай елордада ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
"Динамо" – нағыз спорт батырларының ұясы. Бұл – жеңіске деген ұмтылыс өмір салтына айналатын орда. "Динамо" заң мен тәртіп қағидатына берік, жеңіске жетуге және елді қорғауға дайын азаматтарды тәрбиелейді.
Айта кетейік, еліміздің Тәуелсіздік жылдарында ұлттық құраманың жеңіп алған 86 олимпиадалық медалінің 65-і динамошыларға тиесілі. Ұйымның 100 жылдық мерейтойына еліміз бойынша "Динамо" филиалдарының өкілдері, сондай-ақ отандық спорттың аңызға айналған тұлғалары шақырылды. Іс-шараға динамолық ұйымдардың Халықаралық үйлестіру кеңесінің мүшелері де қатысты.
– "Динамо" – спорт қозғалысын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген, рухы мықты патриоттарды біріктіретін ұйым. Ерекше орын "Жас Динамо" балалар секцияларына тиесілі. Бұл – жаңа буынды тәрбиелейтін үлкен мектеп, мұнда мыңдаған бала мен жасөспірім тәртіпке, ерлікке, төзімге үйренеді. Біз – қолданбалы спорт түрлерін сақтап қана қоймай, оны белсенді дамытып отырған жалғыз динамолық қоғамбыз. Ардагерлерге ерекше алғыс білдіремін. Олар – ұйымның тірегі мен мақтанышы, – деді ҚР ішкі істер министрі, Қазақстан "Динамо" қауымдастығының төрағасы Ержан Сәденов.
Халықаралық "Динамо" ұйымдары атынан Беларусь дене шынықтыру-спорт қоғамының төрағасы Дмитрий Балаба сөз сөйледі.
– Қазақстан "Динамосына" одан әрі даму, спортшыларға сәттілік тілеймін. Қоғамның жетістігі өте көп. Олардың саны арта берсін, – деп құттықтады мейман.
Кештің басты оқиғасы Қазақстан құрамасы мен "Әлем" командасы арасындағы жекпе-жектер сериясы болды. Аренада еркін күрес, дзюдо, грэпплинг секілді әртүрлі стиль бойынша жеті әсерлі кездесу өтті, оның бірі – жолдастық сипатта болды. Осындай алуан формат көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кешті шынайы спорттық шоуға айналдырды.
Алғаш болып моңғолиялық атақты спортшы Энх-Амарын Даваанасан мен Қазақстан құрамасының көп дүркін чемпионы Гүлмарал Еркебаева кілемге шықты. Тартысты және шапшаң өткен алғашқы қыздыру жекпе-жегінде қазақстандық спортшы жеңіске жетті.
Кештің екінші кездесуі – қоян-қолтық жекпе-жегі болды. Тәжікстандық Одил Анушервони мен қазақстандық Ринат Махмұтов арасындағы шайқас тартысты әрі техникалық түрде өрбіді. Павлодар облысы ПД ЖҚАЖ инспекторы Ринат Махмутов ұпай бойынша сенімді жеңіске жетіп, Қазақстан командасының басымдығын арттырды.
Еркін күрес бойынша шетелдік споршы Ислам Гусейнов пен қазақстандық Әділ Оспанов жолықты. Жоғары қарқынмен өткен кездесуде Беларусь спортшысы жеңіске жетіп, халықаралық серияда есепті теңестірді. Самбо бойынша ресейлік Руслан Абдулмеджидов пен қазақстандық Әділет Ахметғали күресті. Бұл белдесу қатал әрі техникалық сипатта өтіп, белсенді тартыс болды. Бұл кездесуде Руслан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Грэпплингте Қырғызстан өкілі Әділ Мырзаев пен қазақстандық Азамат Бақытов бақ сынады.
Тартысты өткен жекпе-жекте ҚР ІІМ МКҚБ инспекторы Азамат Бақытов жеңіске қол жеткізді. Дзюдо татамиінде тәжірибелі әзербайжандық Маммадали Мехдиев пен қазақстандық Ерсұлтан Мұзаппаров кездесті. 20 минуттан астам уақытқа созылған аса тартысты жекпе-жекте әзербайжандық спортшы жеңіске жетті.
Кештің финалы 100 келіден жоғары салмақтағы қазақ күресі бойынша өтті. Өзбекстандық Шермұхаммад Жандреев пен қазақстандық Қайсар Шамшидинов күш сынасты. Екі спортшы да барынша сақ әрі тактикалық күрес жүргізді. Жандреевтің алған екі ескертуі шешуші рөл атқарып, жеңіс Қайсар Шамшидиновке бұйырды.
Халықаралық жекпе-жектер сериясының қорытындысы – 3:3. Бұл кеште достық жеңіске жетті.