Абай облысында полиция жолаушыларды жылыту пунктіне эвакуациялауда

Абай облысында полиция жолаушыларды жылыту пунктіне эвакуациялауда

     Абай облысында полиция жолдардың жабылуына байланысты жүргізушілерді жылыту пункттеріне эвакуациялауда.

     10 желтоқсандағы қолайсыз ауа райы Абай облысындағы жол қозғалысы жағдайын күрделендіріп, бірнеше бағыттағы автожолдардың уақытша жабылуына себеп болды. Өңір полицейлері жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде қызмет атқарды. Жарма ауданындағы Қалбатау – Көкпекті тас жолының бір учаскесінде 13 жеңіл және 25 жүк көлігі жолда қалып қойған. Көктайғақ пен көрінудің шектелуі қозғалысты айтарлықтай қиындатқан.

     Қалып қойған барлық жүргізушілер мен жолаушылар арнайы ұйымдастырылған жылыту пунктіне эвакуацияланды. Онда 24 адам орналастырылып, қажетті көмек көрсетілді, сондай-ақ ауа райы жақсарғанға дейін жайлы жағдай жасалды. Полиция қызметкерлері жүргізушілерден сұхбат алып, олардың жүру бағытын нақтылады, жолдардың жабылуы туралы ескертіп, адамдарды қауіпсіз орынға көшіруді үйлестірді.

     Сонымен қатар азаматтарға ауа райы тұрақтанғанға дейін ұзақ сапардан бас тарту ұсынылды.