Павлодарда полицейлер зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды

Павлодарда полицейлер зейнеткерді алаяқтардан құтқарып қалды

     Павлодарда белгісіз адамдар өздерін энергетикалық орталықтың қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалған. Зейнеткер есептегіштердің тексерілуі туралы әңгімеге сеніп, сілтемелер бойынша өтіп, алаяқтарға 24 млн теңге аудармақ болған.

     Алаяқтар зейнеткерге есептегіштің тексеріліп, пломбаланатынын айтып, 1414 сервисінен келген кодты беруді сұрады. Ешнәрсе білмей, зейнеткер көрсетілген кодты айтқан және өзінде бір банкте үлкен депозит бар екенін хабарлаған.

     Кейіннен зейнеткерге банк атынан қоңырау шалып, алаяқтардың оның ақшасын иемденгісі келетінін, және ақшаны қауіпсіз шотқа аудару қажеттігін жеткізді. Одан кейін курьер келетінін, оған ақшаны беру керектігін түсіндірді. Зейнеткер еш ойланбастан депозитінен 24 млн теңге алып, 800 мың теңге комиссияны төлеп, үйіне оралып әрі қарайғы нұсқауларды күтті. Артынша, зейнеткер құрбысына қонаққа барып мән-жайды айтқанда, досы күдіктеніп, учаскелік инспекторға хабарласқан.

– Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша тергеу басталды. Қоңырау шалған алаяқтардың абоненттік нөмірлері анықталып, күдіктілер іздестірілуде, – деді Павлодар облысы ПД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Асхат Абетжанов.

– Барлығы телефон қоңырауынан басталды, әрі қарай түс секілді болды. Тек полицияның жедел әрекеттері мен құрбымның сақтық көрсеткенінің арқасында үлкен соманы ұрлатпай, ақшамды қайтаруға мүмкіндік туды, – дейді Лидия Федоровна.

     Полиция азаматтарға ешбір мемлекеттік орган ақшаны сақтау үшін алмайтынын және курьер жібермейтінін ескертеді. Мұндай қоңыраулардың бәрі – алаяқтық.