
Біз, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері Кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай төмендегіні мәлімдейміз.
Отыз жыл бұрын посткеңестік кеңістіктегі күрделі геосаяси өзгерістер кезеңінде қылмыстық көріністердің бұрын-соңды болмаған өсуімен қатар, ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің ішкі істер министрлері Кеңесін құру туралы шешімі Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қылмыспен күрес саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығының ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға, сондай-ақ ортақ мүдделерге, өзара сенім мен құрметке негізделген мәдени-құқықтық тарихи байланыстарды сақтауға және жетілдіруге ықпал етті.
Өткен кезең ішінде Кеңес ішкі істер министрліктерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзырлы органдарының қылмыспен күрестегі бірлескен күш-жігерін үйлестіруге, құқық қорғау саласындағы мемлекетаралық бағдарламаларды іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарды.
Осы үш онжылдық ішінде әрбір министрліктің тиімді қызметі арқасында қомақты тәжірибелік база жинақталды.
Уақыт сынынан өткен тең құқықты серіктестігіміз Достастық елдерінің азаматтарының қауіпсіздігін, құқықтық тәртібін, конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күш-жігерін одан әрі біріктірудің айрықша маңыздылығын көрсетіп отыр.
Қиын криминогендік жағдайды ескере отырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, экстремизммен, есірткі мен қарудың заңсыз айналымымен, заңсыз көші-қонмен, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қылмыстық мақсатта пайдаланумен күресте күш-жігерді біріктіру қажет деп санаймыз.
Біз, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері, Достастықтың құрылтай құжаттарында бекітілген қылмысқа қарсы іс-қимыл мақсаттары мен қағидаттарын берік ұстанатынымызды мәлімдейміз.
Осы қағидаттарға адалдығымызды растай отырып, ІІМД форматы аясында қылмыспен күрес саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі жетілдіріп, оның нысандары мен әдістерін бүгінгі талаптарға сай дамыту жолында жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз. Біздің ортақ мақсатымыз – мемлекеттеріміздегі бейбітшілік, достық, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту.