
Абай облысы полиция департаменті жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп, ауыр салдарға әкелген екі жоғары қауіпті учаскені анықтады. Атап айтқанда, 3 қазанда адам өлімімен аяқталған бірнеше апат орын алған Семей – Өскемен автожолының 30-шақырымы, сондай-ақ 2 қарашада үш студент көз жұмған Омбы – Майқапшағай трассасының 600-шақырымы жіті бақылауға алынды.
Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың тапсырмасына сәйкес, бұл учаскелерде кешенді талдау жүргізілді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында инфрақұрылымға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленуде. Оның ішінде жол белгілерінің орналасуын қайта қарау, жол белгілерін жаңарту және алдын алу белгілемелерін күшейту мәселелері бар.
Сонымен бірге патрульдік полиция қызметі күшейтілді. Қарсы бағытқа шығу жағдайларын анықтау үшін полицейлер дрондарды пайдаланып, бақылауды арттыруда. Бұл — өлімге әкелген жол апаттарының негізгі себептерінің бірі болып саналатын қауіпті маневрлерді алдын алуға мүмкіндік береді.
Жүргізушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы, әсіресе қауіпті басып озу, ауыр апаттардың басты себебі болып отыр. Қолданылып жатқан шаралар өңір магистральдарындағы апат деңгейін төмендетуге бағытталған. Полиция барша жүргізушіні көрсетілген учаскелерде аса мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырады.