
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жолдағы қауіпсіздік – бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін іс жүзінде көрсетті. "Үлгілі жүргізуші" акциясы жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттауға және "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуға үлес қосып жүрген барлық сала өкілдерін бір алаңға біріктірді.
Шараны ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов әкімдік, жол-құрылыс ұйымдары, жастар ресурстық орталығы, журналистер мен блогерлер, медицина және білім беру саласының мамандары, жас жол инспекторлары, автокөлік мектептері мен сақтандыру компанияларының басшылығы, қоғамдық ұйымдар және басқа да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін атап өтті.
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар, мақтау қағаздары және естелік сыйлықтар табыс етілді. Әкімшілік айыппұлы жоқ, жол-көлік оқиғаларын азайтуға белсенді үлес қосып жүрген жүргізушілер – Сұлтан Асқаров, Серік Сексенов, Александр Снурницын және Раиль Қабиев марапатталды. Олар жолдағы ықтимал қауіптер – көктайғақ, бораннан болған үйінділер, қаңғыбас малдың шығу қаупі туралы деректерді ең бірінші болып жүргізушілер чатына және полицияға жеткізіп отырады.
Сонымен қатар Айдын Қабдұлдинов жол қауіпсіздігі саласында табысты еңбек етіп жүрген полицейлердің аналарына алғыс хаттар табыс етті. Құрмет көрсетілгендердің қатарында патрульдік полицияның ардагерлері мен қызметтегі инспекторлар да бар.
Бұл қызмет жол қозғалысын бақылаумен қатар, қиын жағдайда көмек көрсетеді, кейде өмірін қатерге тігіп адамдарды құтқарады. Қонақтарға боран кезіндегі патрульдік қызметтің жұмысын, экстремалды жағдайда адам өмірін сақтап қалу оқиғаларын бейнелейтін видеоролик көрсетілді. Сол мазмұнды фотокөрме де шара өткен "Qyzyljar" креативтік орталығында ұйымдастырылды.
Іс-шара мәдениет орталығының вокалдық тобының әсерлі концертімен аяқталды. Бұдан бөлек, акция күні полицейлер жолда ережені мүлтіксіз сақтап жүрген жүргізушілерді тоқтатып, оларға арнайы сыйлықтар табыстады.