
Ел бойынша "Мал ұрысы" атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл - ауыл тұрғындарының мүлкін қорғауға және мал ұрлығын болдырмауға бағытталған Ішкі істер министрлігінің жоспарлы іс-шарасы.
Үш күн ішінде полиция қызметкерлері мал тасымалдаған 12 мыңнан астам көлікті, 3,5 мыңнан аса сатып алу орындарын, сондай-ақ 8 мың шаруа қожалықтары мен фермаларды тексерді. Нәтижесінде Астана мен Алматы қалаларында алты заңсыз мал сою цехының жұмысы әшкереленіп, елорданың базарларының бірінде ет сатуға арналған жалған мөр қолдану фактісі анықталды.
Полиция мал ұрлығына қатысы бар 113 адамды ұстады. 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. 107 мал ұрлығы жедел ашылды. 800-ден астам бас мал иелеріне қайтарылды.
- Мысалы, Павлодар облысында алты эпизод бойынша 43 бас ірі қара малды ұрлаған төрт адамнан құралған топ ұсталды. Жетісу облысында да 50 бас ірі қараның ұрлығына қатысы бар төрт адамнан тұратын топ анықталып, қылмыс дер кезінде тоқтатылды. Ақтөбе облысында полицейлер еркін жайылымда жоғалған 20 жылқыны тауып, иелеріне қайтарып берді. Малды қараусыз қалдырмаңыздар, міндетті түрде таңбалап, жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыздар. Әрбір сағаттың маңызды екенін есте сақтаңыздар, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің басқарма бастығы Жандос Мұхатов.