"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Жетісу облысында 900-ден астам құқық бұзушылық тоқтатылды

"Қауіпсіз жол" ЖПІШ: Жетісу облысында 900-ден астам құқық бұзушылық тоқтатылды

     Жол қозғалысы ережелеріне немқұрайлы қараудың салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан Жетісу облысында полицейлер жол қозғалысына қатысушыларды тәртіпке шақырды.

     Жолдағы қауіпсіздік белгілер мен сызықтардан басталмайды — ол әрқайсымыздан басталады. Бар болғаны бір қарапайым шарт қажет: жол қозғалысы ережелерін сақтау.

     Алайда тәжірибе көрсеткендей, дәл осы қарапайым талап көп жағдайда орындалмай жатады. Бұған Жетісу облысында жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың соңғы мәліметтері дәлел.

     18-23 қараша аралығында Жетісу облысының полицейлері "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Іс-шараның алғашқы екі күнінде тәртіп сақшылары 930 құқық бұзушылықты анықтады.

     Олардың арасында жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін заң бұзушылықтар бар. Көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарудың 6 фактісі тіркелді. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілер тарапынан 209 құқық бұзушылық анықталды. Рөлде отырып телефон пайдаланудың 80 дерегі тоқтатылды.

     Қауіпсіз жол — тек полиция жұмысы немесе бақылау камераларының міндеті емес. Бұл — баршаға ортақ жауапкершілік.