
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың, соның ішінде жастардың, есірткі айналымына тартылуының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Соңғы 10 күн ішінде полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қатысы бар 27 адамды ұстады. Есірткі жасырушылардан бастап, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейін сызбалаар анықталып, жолы кесілді. Петропавл қаласында 20 жастағы жігіттен 290 грамм "синтетика" тәркіленді. Шымкент қаласында бұрын сотталған 27 жастағы ер адамнан жарты келіден астам мефедрон, электронды таразы мен буып-түюге арналған қаптамалар алынды.
Ақмола облысында Астана – Астраханка тасжолының бойында жасырын қойма табылып, 12,5 келі мефедрон тәркіленді. Қарағанды қаласында 25 жастағы ер адамнан 400 грамм Альфа-PVP есірткі заты алынды. Осы облыс аумағында жасырын есірткі зертханасы анықталып, одан 52 келі дайын Альфа-PVP және 2 тонна прекурсор тәркіленді.
Барлық күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицияның үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде 10 күн ішінде заңсыз айналымнан 80 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл 240 мыңнан астам бір реттік доза. Оның айналымға жіберілмеуінің арқасында мыңдаған тағдыр құтқарылды.
Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті еліміздің аумағында есірткіге қарсы күресті жалғастырып, басқа мемлекеттік органдармен және қоғаммен өзара іс-қимылды нығайтады.