
Ақтөбе қаласында "Заң және тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жергілікті түнгі рейдтік іс-шаралар өтті.
Рейдтерге патрульдік полицияның жеке құрамы жұмылдырылды. Полицейлердің негізгі назары жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу фактілерінің алдын алуға және тұрғын аудандарда қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына бағытталды.
Түнгі рейд барысында 60-тан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде төрт жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, тоғыз адам жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырған, сондай-ақ он бір жағдайда тұрғындардың тыныштығын бұзу фактілері тіркелді.
Бұдан бөлек, патрульдік полиция экипаждары азаматтардан түскен 68 шақыртуды орындады. Олардың қатарында отбасылық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу және күмәнді тұлғалар туралы хабарламалар бар. Оперативтік әрекеттер нәтижесінде полицейлер "ізін суытпай" бір ұрлық қылмысын ашты. Мұндай профилактикалық іс-шаралар өңірде тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Негізгі мақсат — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ қоғамда заңға қайшы әрекеттерге төзімсіз көзқарас қалыптастыру.