Батыс Қазақстан облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес күшейтілді

Батыс Қазақстан облысында есірткі қылмыстарына қарсы күрес күшейтілді

     "Заң және тәртіп" қағидаты аясында 2025 жылдың он айында Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізді.

     Атқарылған жұмыстар нәтижесінде есірткіге қатысты 238 құқық бұзушылық дерегі анықталып, оның 87-сі – қылмыс, ал 151-і – қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелді. Заңсыз айналымнан 242 келі 868 грамм есірткі заты тәркіленді. Сондай-ақ Telegram мессенджері арқылы есірткі таратумен айналысқан 3 интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Есірткі сатумен шұғылданған қылмыстық топтар әшкереленіп, олардың ұйымдастырушылары мен қатысушылары ұсталды.

     Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. 1 маусым мен 31 қазан аралығында облыс аумағында "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде 138 құқық бұзушылық фактісі анықталды, оның ішінде 58 қылмыс пен 80 қылмыстық теріс қылық бар. Бұл кезеңде 223 келі есірткі заты заңсыз айналымнан алынды.

     Есірткі қылмысының алдын алу мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 983 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оның аясында дәрістер, кездесулер, рейдтер мен ақпараттық акциялар ұйымдастырылды.

     Сонымен қатар есірткі жарнамасы бейнеленген 700-ге жуық граффити жойылды, ал есірткі заттарын тарату және жарнамалаумен айналысқан 1554 сайт бұғатталды. Қаржылық бағытта да бақылау шаралары күшейтіліп, 10 968 жеке тұлғаның банктік есепшоттарына шектеу қойылып, сот шешімімен 51 миллион теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды.

     Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті есірткі қылмыстарының алдын алу және олармен күресті жүйелі түрде жалғастыра бермек.