"Таза Қазақстан" акциясы: елордада 66 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

"Таза Қазақстан" акциясы: елордада 66 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

     Қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген жерлерге ағынды суларды төгу, қоршаған ортаны ластауға байланысты басқа да заң бұзушылықтар басты назарда болды. Акция басталғалы бері 489 жүк және 200 ассенизатор көлігінің жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.

     Мәселен, құрылыс ұйымы Ұлы Дала даңғылы бойындағы құрылыс алаңының қоршауын және аумағын тиісінше таза ұстау талаптарын бұзған, нысанның паспорты жоқ, сондай-ақ іргелес аумақта құрылыс материалдарын сақтау фактісі анықталған.

     Осыған байланысты аталған ұйым жауапкершілікке тартылды. Акция басталғаннан бері ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 2-бөлігі бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған 24 мыңнан астам, ал 505-баб бойынша абаттандыру қағидаларын бұзған 41 мыңнан астам құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

     Жасалған құқық бұзушылықтар Астана қаласы бойынша экология департаментіне жолданды. Астана қаласы әкімдігімен және "109" бірыңғай анықтама қызметімен бірлесіп рейдтер жүргізілуде. Алдын алу шаралары ұйымдастырылып, азаматтармен табиғатты қорғау заңнамасын сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.