Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен "Цифрлық трансформация дәуіріндегі Заң және тәртіп" тақырыбында пленарлық кездесу өтті.
Іс-шараға ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков төрағалық етті. Кездесудің модераторы ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мақсат Қиқымов болды. Жиынға азаматтық сектор өкілдері, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Министрдің орынбасары кездесудің шымылдығын ашып, цифрлық трансформацияның бүгінде қоғамдық өмірдің барлық саласын, соның ішінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін қамтитынын атап өтті.
– Уақыт парадоксы – цифрлық әлем қаншалықты жылдам дамыса, қоғамның заң мен тәртіпке деген қажеттілігі соншалық арта түседі. Цифрлық трансформация – бұл қоғамға қызмет етудің жаңа философиясы. Мұнда технология адамға, заңға және әділетке жұмыс істеуі тиіс, – деді Айдар Сайтбеков.
Ішкі істер министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін нақты сезінуі және полициямен өзара іс-қимылдың қолжетімді әрі ашық болуы үшін цифрлық шешімдерді рет-ретімен енгізіп жатқанын айтты. Министрдің орынбасары цифрландыру бағыты аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі жобаларға тоқталды.
Атап айтар болсақ, жедел әрекет ету бойынша – деректер мен технологияға негізделген құқық бұзушылықтардың алдын алу моделіне көшу, eGov, мобильді қосымшалар және байланыс орталықтары арқылы азаматтардың полициямен өзара іс-қимылын бір шеңберде ұйымдастыру.
Сонымен қатар қылмысты төмендетіп, қылмыстық істерді ашу мүмкіндігі жоғары зияты бар бейнебақылау және талдау жүйелерін дамыту. Қоғамдық қауіпсіздік пен іздестіру іс-шараларында жасанды зият пен дрондарды пайдалану. Цифрлық аналитика, жасанды зият және коммуникациялар саласында құзыреті бар жаңа буын басқарушыларды даярлайтын ІІМ Басқару академиясын құру. Қызметке кандидаттарды ашық іріктеу үшін Qyzmet-police.kz платформасын іске қосу.
Сондай-ақ гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің 14 пайызы – әйелдер, олардың көпшілігі басшылық лауазымдар атқарып, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды тергеп-тексереді.
Бұл бағыттағы маңызды шаралардың бірі – халықаралық серіктестер Women in Tech Global және Huawei компанияларымен бірлесіп Алматы қаласында өткізілген "AI for Women in Policing" форумы. Талқылау барысында ІІМ-нің үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқығын қорғау, киберқауіпсіздік, әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бағыттарында бірлескен жобалар жүзеге асырылыап жатыр.
– "Заң мен тәртіп – тек мемлекеттің ғана жұмысы емес. Бұл – билік, қоғам және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен жағдайда ғана қауіпсіздік, сенім және әділетті болуды қамтамасыз ете аламыз, – деді кездесу модераторы Мақсат Қиқымов.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, цифрландыру тек технологиялық шешімдерді енгізуге ғана емес, қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған. Цифрлық сервистер арқылы азаматтар учаскелік инспекторларға тікелей жүгініп, құқық бұзушылықтар туралы хабарлап, өтініштер жолдап, орындалу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде полиция мен халық арасындағы өзара байланысу мәдениетін қалыптастырады.
Ашықтық, әріптестік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген. Кездесу қатысушылары мұндай диалог алаңдары азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сенімді нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін бірлесіп шешу тәсілдерін айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Пленарлық кездесу Қазақстанның XII Азаматтық форумына дайындықтың маңызды кезеңі. Форумда Ішкі істер министрлігі цифрлық трансформация, құқықтық тәртіп және үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік бағыттарындағы негізгі бастамаларын таныстырады.