Орал қаласында қоғамдық тәртіпті бақылау барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің жауынгерлері есірткі сату күдігіне ілінген азаматты қолға түсірді. Әскери жасақ бастығы қатардағы Нұрасыл Қуанышбай мен патрульшілер Ерасыл Байнияз және Олег Фофонов "Солтүстік-Шығыс" шағын ауданында кезекшілік атқарып жүрген.
Сол сәтте тұрғын үй ауласында ұялы телефонның жарқылын байқап қалған. Бейтаныс ер адамның белгісіз затты жасырын қойып, оны суретке түсіріп жатқан әрекеті әскери қызметшілердің күдігін тудырды. Ұландықтар күдіктіге жақындап, құжаттарын тексеруге әрекеттенгенде, ол қарсылық көрсетіп, агрессивті мінез танытты.
Тексеру барысында азаматтың қалтасынан салмағы шамамен 10 грамм болатын есірткі заты салынған капсула табылды. Ұсталған азамат бірден полиция қызметкерлеріне тапсырылып, қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.