Павлодарлықтар “Заң және тәртіп” цифрлық сервисін белсенді пайдалануда

Павлодарлықтар “Заң және тәртіп” цифрлық сервисін белсенді пайдалануда

Жаңа цифрлық сервис іске қосылғалы бері Павлодар облысының 708 тұрғыны полицияға түрлі құқық бұзушылықтар жөнінде хабарлама жіберген. Оның ішінде 311 өтініш омниканальді мобильді қосымша арқылы, 240 өтініш Egov Mobile қосымшасы арқылы түскен. Сондай-ақ тұрғындар Kaspi.kz қосымшасы арқылы да 139 жағдайды тіркеген.

Мәселен, омниканальді жүйеге павлодарлықтар бейне және мәтіндік хабарламалар жолдап, жүргізушілердің қарсы жолаққа шығуы, көршінің автокөлікті кіреберіс жолды жауып қоюы, сондай-ақ тоқтау сызығын бұзу деректері туралы мәлімдеген.

Kaspi.kz қосымшасы арқылы да құқық бұзушылықтар жайлы хабарламалар түсуде. Тұрғындардың бірі 29 қараша көшесінде "тоқтауға тыйым салынады", "тұруға тыйым салынады" белгісінің астында автокөлік қойылып, жолдың бөгелгенін жеткізген. Ал Egov арқылы Ткачев көшесінде ұзақ уақыт иесіз қалған Nissan автокөлігі туралы бейне және мәтіндік ақпарат түскен.

Барлық құқық бұзушылықтар бойынша полиция жедел шара қолданып, кінәлілер жауапқа тартылды.

Айта кетейік, 23 маусымда ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік беретін “Заң және тәртіп” цифрлық сервисін іске қосқан болатын. Egov Mobile қосымшасының басты бетінде арнайы белгіше пайда болып, кез келген тұрғынға оқиға туралы ақпаратты жеңіл әрі жылдам жолдауға жағдай жасалды. Өтініш беру нысаны да қарапайым әрі түсінікті.

Мысалы қоғамдық тәртіпті бұзу, отбасылық зорлық-зомбылық немесе жол-көлік оқиғасы жөнінде хабар түскен жағдайда полиция дереу әрекет етеді. Мұндай қызметтер кейбір банк қосымшаларына да енгізілгендіктен, сервис көпшілікке қолжетімді болды. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан “Заң және тәртіп” бағдарламасының бір бөлігі әрі ІІМ жұмысының цифрландыру үдерісіндегі маңызды қадам.

Ведомствоның айтуынша, сервистің басты мақсаты – полиция мен азаматтар арасындағы байланыс арнасын жеңілдетіп, әрекет ету жылдамдығын арттыру және көмекті қолжетімді ету. Қызмет тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер Қазақстанның барлық өңірінен қабылданады.