Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ делегацияларының кездесуі өтті

Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ делегацияларының кездесуі өтті

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрліктері делегацияларының қылмыстарды тергеуде тәжірибе алмасу, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша бірлескен кеңесі өтті.

Аталмыш шара құқық қорғау құрылымдарының мемлекетаралық өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған.

Кездесуге Қазақстан Республикасы ІІМ-нің орынбасары Санжар Әділов, Өзбекстан Республикасы ІІМ-нің орынбасары Рамазон Ашропов, Түркістан облысы ПД-ның бастығы Мұрат Қабденов, тергеу басшылығы, сондай-ақ шекара маңы облыстарының ішкі істер органдарының өкілдері қатысты.

— Біздің бұл басқосуымыз - Қазақстан мен Өзбекстанның құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау мен қылмысқа қарсы тиімді іс-қимылға ықпал ететініне сенімдіміз!, — деп атап өтті ҚР ІІМ-нің орынбасары С.Әділов.

Кездесу барысында қатысушылар жедел-қызметтің негізгі бағыттары бойынша жұмысты жақсартуға, трансұлттық қылмыстарды бірлесіп тергеуге, ІІО-ның шекара маңындағы қылмысқа қарсы әрекеттеріне, қылмыстық істерді тергеу процесіне цифрландыруды енгізуге және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін бірлескен семинарлар өткізуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.

Жиыннан кейін делегациялар Түркістан облысы полиция департаменті Жедел басқару орталығының ғимаратына барып, бөлім жұмысымен, құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша полиция қызметіне енгізілген цифрлық шешімдермен танысты. "Қорғау" жүйесі, "Цифрлық полицей", "Электрондық қылмыстық іс", “Антифрод” жобаларына және құқық бұзушылықтарды, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалана отырып, жедел анықтауға және жолын кесуге көмектесетін басқа да бастамаларға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар кибер-зертхананың, генетикалық және жедел-криминалистикалық зертханалардың, сондай-ақ облыстың қоғамдық орындарында және оқу орындарында белгіленген, оқиғаларға шұғыл ден қоюға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін бағалай алды.