ҚР Ішкі істер министрлігі "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету мақсатында "Қарасора – 2025" жедел алдын алу іс-шарасын жалғастырып жатыр. Бұл шара есірткі айналымына, соның ішінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді егу мен өсіруге қарсы бағытталған.
Жамбыл облысында 40 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның ауласынан каннабис өсімдіктері табылды. Үйін тексеру кезінде кептірілген және кептірілмеген марихуананың 144 түбі алынды. Жалпы салмағы – 240 келі. Барлық тәркіленген есірткінің салмағы 239 келі болды.
Ұлытау облысында тағы бір азамат қолға түсті. Одан марихуана мен гашиш алынды. Жалпы салмағы 20 келіден асты.
Қарағанды қаласында оңтүстік өңірлерден жеткізілетін есірткі арнасы тоқтатылды. Теміржол вокзалы маңында 75 жастағы ер адам ұсталды. Одан гашиш пен марихуана табылды. Жалпы салмағы шамамен 10 келіні құрайды. Көлігін тексеру кезінде жүксалғышынан тағы екі брикет марихуана шықты. Анықталғандай, салмағы 20 келі шамасында болды.
- Биыл ІІМ 4 655 есірткі қылмысын әшкереледі. Заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам есірткі алынды. Оның ішінде 1 тоннадан астамы синтетикалық заттар бар. Синтетикалық есірткі жасайтын 11 зертхана жойылды. 24 тонна химиялық зат тәркіленді. Оның 6 тоннадан астамы – прекурсорлар. Есірткі жарнамасына қатысты 105 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі мен психотроптық заттарды насихаттаған 20 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталды, - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Ішкі істер министрлігі есірткі айналымына қарсы күресті және ұлт денсаулығын қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыра береді.