Санкт-Петербургте ТМД елдерінің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Санкт-Петербургте ТМД елдерінің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан ішкі істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитеті, Ұйымдасқан және өзге де қауіпті қылмыс түрлерімен күресті үйлестіру бюросы мен ТМД Терроризмге қарсы орталығының өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясын Ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды.

- Биыл Қазақстан полициясы ТМД елдері үшін 374 қылмыскерді анықтап, ұстады. Олардың арасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, ондаған жылдар бойы жасырынып келгендер де бар.

Синтетикалық есірткі өндіру және таратуға қатысқан үш трансұлттық топты қоса алғанда, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. ТМД-ға мүше мемлекеттердің 119 азаматы ұсталды.

Есірткі тасымалы арналарының көзін жою және қылмыстық тізбектегі барлық қатысушыларды ұстау үшін бірлескен арнайы операцияларды күшейту қажет деп санаймын, - деді министр өз сөзінде.

Сондай-ақ министр заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды жандандыру үшін ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру, өзара сұрауларды орындау мерзімін қысқарту және халықаралық құқықтық актілерге түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар айтты. Бұл бастамалар Кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.

Жиында ТМД ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған басқа да мәселелер қаралды.

Атап айтқанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша базалық оқыту орталығы айқындалып, мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жұмыстары пысықталды.

Сонымен қатар ТМД елдерінің ішкі істер органдарында криминалистикалық және сараптамалық қызметтің тиімділігін талдау, оны жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Кеңес отырысында қылмысқа қарсы күрес саласындағы өзге де бағыттар қамтылып, пікір алмасу сындарлы диалог форматында өтті. Бұл ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға және маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.