"Өз баламыздай жанашыр": Ақтөбеліктер учаскелік инспектордың жұмысына жоғары баға берді

"Өз баламыздай жанашыр": Ақтөбеліктер учаскелік инспектордың жұмысына жоғары баға берді

     Ақтөбе қаласында учаскелік полиция инспекторы болып 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп жүрген полиция майоры Рауан Алекенов өзіне бекітілген 8-мөлтек аудандағы қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз етіп келеді. Жергілікті тұрғындар оны жауапкершілігі жоғары, адал және жанашыр маман ретінде сипаттап, шынайы ризашылықтарын білдіруде.

— Көпқабатты үйде түрлі мәселелер жиі туындайды: түнгі шу, мас адамдардың кіреберіске келуі, ортақ мүліктің бүлінуі, тұрмыстық жанжалдар. Осындай жағдайларда Рауан күндіз-түні жүгіріп, дер кезінде келіп, тиісті шаралар қабылдайды. Тіпті, біз үшін туған баламыздай болып кетті, — дейді тұрғындар.

     Инспектор өз аумағындағы әр баланың амандығы мен әр отбасының тыныштығын үнемі назарда ұстайды. Мәселен, өткен жылы ол маскүнемдікке салынған азаматтың әрекетінен жапа шеккен қарт ата-анасының жағдайына бей-жай қарамай, әлгі азаматты мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жіберуге қол жеткізген.

      Қазіргі таңда ол азамат өмірін өзгертіп, отбасын асырап отырғанын айтып, алғысын білдірген. Тұрғындардың мүлкін сақтау да – Рауан Алекеновтің басты назарындағы мәселе. Биыл ол велосипед ұрлығына қатысты үш жағдайды дер кезінде анықтап, ұрыларды ізін суытпай қолға түсіріп, тұрғындарға көліктерін қайтарды. Полиция майорының әкімшілік аумақты кезекті аралауы бейнебақылау камераларына да түсірілді.

      Бұл – учаскелік инспектордың жұмысын ашық көрсетіп, тұрғындармен тығыз байланыста екенін дәлелдейтін сәттердің бірі.