Цифрландыру – азаматтардың құқық қорғау органдарымен байланысын жеңілдетудің тиімді жолдарының бірі. Бүгінде Павлодар облысында "Заң мен тәртіп" мобильді сервисі арқылы тұрғындардан келіп түсетін өтініштер саны артып келеді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған қосымша іске қосылған сәттен бастап облыс бойынша 88 азамат полицияға хабарлама жіберген. Оның ішінде 27-сі — қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, ал 19-ы — жол қозғалысы ережелерін сақтамау фактілері бойынша болған.
Мәселен, 5 тамыз күні павлодарлық азамат EGOV Mobile қосымшасы арқылы бейнематериал мен мәтіндік өтініш жолдаған. Онда бір жүргізушінің дүкен тұрағынан шығып, солға бұрылғанда жол белгілерін елемей, қос тұтас сызықты кесіп өткені түсірілген. Полицейлер бұл деректі назарға алып, жол ережесін бұзған азаматты анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты және айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, Ішкі істер министрлігі 23 маусымда "Заң мен тәртіп" цифрлық сервисін іске қосқан болатын. Бұл қосымша EGOV Mobile платформасы арқылы жұмыс істейді және азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік береді. Қолданбаның басты бетінде арнайы "Заң мен тәртіп" белгішесі орналастырылған. Оның көмегімен өтініш жолдау процесі жылдам әрі оңай. Интерфейсі түсінікті және қарапайым, кез келген пайдаланушы оңай игере алады.
— Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы сынды жедел әрекет етуді қажет ететін жағдайлар туралы сигналдар бірден түсіп отырады. Полиция ол туралы хабар түскен сәттен бастап дереу әрекет етеді. Бұл сервис кейбір банк қосымшаларына да енгізіліп, кең аудитория үшін қолжетімді болды. Жоба Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" бастамасы аясында ІІМ қызметін цифрландырудың бір бөлігіне айналды, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, басты мақсат – полиция мен азаматтар арасындағы байланыс тиімділігін арттыру, әрекет ету жылдамдығын күшейту және көмек алуды жеңіл әрі қолжетімді ету. Қызмет тәулік бойы жұмыс істейді, ал өтініштер еліміздің барлық өңірлерінен қабылданады.