Жетісу облысында жасөспірімдерге арналған профилактикалық кездесу өтті. Текелі қаласындағы “Бастау” жазғы лагерінде Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшелері қатысқан профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шара “Есірткіге жол жоқ!” атты маңызды ұранмен ұйымдастырылды. Профилактикалық топ құрамына “Жақсылық жаса” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері және құқық қорғау органдарының өкілдері енді.
Олардың басты мақсаты – есірткі мен психобелсенді заттардың зияны туралы жасөспірімдерге түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу, сондай-ақ салауатты өмір салтына оң көзқарас қалыптастыру. Балалар үшін спорттық жарыстар мен есірткіге қарсы тақырыптағы сурет байқауы ұйымдастырылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және полицияға деген сенімді нығайту мақсатында түсіндіру жұмысын жүргізді. Ол тыйым салынған заттарды қолданудың салдары мен есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік туралы айтты.
Кездесу барысында қатысушылар балалармен ашық әрі еркін қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударды. Кеңес мүшелері зиянды әдеттерден қалай бас тартуға болатыны, спорт пен белсенді демалысты таңдаудың маңыздылығы жөнінде жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара соңында барлық қатысушыны біріктірген “Есірткіге жол жоқ!” ұранымен флешмоб ұйымдастырылды. Әр балаға жасалған таңдаудың маңызын еске салатын естелік сыйлық табысталды. Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті және жасөспірімдердің жүрегінде сөзсіз маңызды із қалдырды.