Абай облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізді

Абай облысында полиция тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізді

Абай облысы Ақсуат аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Олжас Жақсылықов Сатпаев ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, күн тәртібінде тұрған бірқатар өзекті мәселелер бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу ауылдықтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, әрі қоғам үшін маңызы зор тақырыптарды қамтыды. Әңгіме ең алдымен ауыл ішіндегі тазалық пен тәртіпке келіп тірелді. Инспектор санитарлық талаптарды сақтау – тек көркем келбет қана емес, сонымен қатар ауылдың экологиялық қауіпсіздігі мен тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды екенін атап өтті. Қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге тастау заңмен қатаң реттелетінін еске салды.

Сондай-ақ бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отырған интернет алаяқтық туралы кеңінен сөз қозғалды. Полиция капитаны Жақсылықов нақты мысалдар келтіре отырып, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері мен олардың арбауына түсіп қалмаудың жолдарын түсіндірді. Әлеуметтік желілердегі жалған ұтыс ойындары, бейтаныс нөмірлерден келетін күмәнді сілтемелер мен банк картасына қатысты мәліметтерді жария етудің қауіптілігі ескертілді.

Кездесу барысында алкоголь өнімдерін сату тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Заңсыз спирттік ішімдік саудасы, әсіресе кәмелетке толмағандарға алкоголь беру – қоғамға зиян келтіретін әрекеттердің бірі ретінде аталып өтті. Бұл бағытта заңнамада нақты жауапкершілік көзделгені айтылып, құқық бұзушылықтың салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Олжас Жақсылықовтың айтуынша, осындай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға сеп болады. Жергілікті тұрғындар да учаскелік инспектордың ашық әрі шынайы диалогқа дайын екенін, кез келген сұраққа толыққанды жауап бергенін оң бағалады.

Түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – бейбіт әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру. Мұндай кездесулер ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып қала бермек.