Жетісу облысында шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жетісу облысында шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жетісу облысында шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Жаз мезгілінің басталуымен Жетісу өңірінде туристік белсенділік артып, әсіресе Алакөл көлінің Ақши және Көктұма ауылдарындағы жағалаулары демалушылар арасында сұранысқа ие бола бастады. Осыған байланысты 5 маусымнан бастап ресми түрде шомылу маусымы ашылып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Жаппай демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 30-дан астам полиция қызметкері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Су айдындарында патрульдеу жұмыстарын төтенше жағдайлар қызметі мен көлік инспекциясы бірлесіп жүргізуде.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылуда. Күн сайын полиция қызметкерлері басқаруындағы екі дрон әуеден бақылау жасап, жағдайды қадағалап отырады.

Сонымен қатар демалыс аймақтарына апаратын жолдардағы қауіпсіздік те басты назарда. Ақши және Көктұма бағытындағы 124 шақырым республикалық маңызы бар автожол патрульдік полицияның жіті бақылауында. Бұл бағытта 84 полиция қызметкері мен 41 автопатруль жұмылдырылған. Жол қозғалысын бақылау үшін "Ekin" кешенінің 6 құрылғысы және 6 дрон тұрақты негізде пайдаланылуда.

Жетісу полициясы демалыс орындары, кәсіпкерлер және жедел қызметтермен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп жатыр.

Полиция қызметкерлері тұрғындар мен демалушыларға қауіпсіз демалыс ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді: балаларды суға шомылу кезінде қараусыз қалдырмаңыздар, арнайы белгіленбеген жерлерде суға түспеңіздер және жол жүру ережелерін қатаң сақтаңыздар.