СҚО тұрғындары алаяққа алданып қалды: полиция азаматтарды сақ болуға шақырады

СҚО тұрғындары алаяққа алданып қалды: полиция азаматтарды сақ болуға шақырады

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы аптада интернет-алаяқтықтың үш резонансты жағдайы тіркелді, нәтижесінде қаскөйлер өңір тұрғындарының 13 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.

25 жастағы Петропавл тұрғыны 2 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылып қалды.

3 маусымда Петропавл қаласының полициясына 25 жастағы тұрғын жүгінді. Алаяқтар оған WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін "Қазпошта" қызметкеріміз деп таныстырып, сәлемдеме жеткізілуін растау үшін келген SMS-кодты айтуын сұраған. Кейін олар банк қызметкеріміз деп оның атына несие ресімделіп жатқанын айтып, бірнеше банктің қосымшаларын жүктеуге және онлайн несие ресімдеуге көндірген. Нәтижесінде алаяқтардың шотына 2 370 000 теңге аударылған.

Зейнеткер 4 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.

4 маусымда Айыртау ауданының полициясына Лавровка ауылының тұрғыны жүгінді. Алаяқтар оған хабарласып, өздерін электр желілері мен банк қызметкерлеріміз деп таныстырған. Олар 69 жастағы әйелді алдап, SMS арқылы келген кодты айтуға, сондай-ақ "вирусқа қарсы бағдарлама" деп аталатын қосымшаны жүктеуге көндірген. Осыдан кейін телефоны бұғатталып, депозитінен 4 287 000 теңге шешіп алынған.

37 жастағы петропавлдық 6 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.

4 маусымда облыс орталығының тұрғыны Петропавл қаласының полициясына жүгінді. Алаяқтар оған байланыс операторы мен банк қызметкеріміз деп хабарласып, SIM-карта мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Олар оны алдап, SMS-кодты айтуға мәжбүрлеп, бірнеше банктен онлайн несие ресімдеуге көндірген. Зиянның жалпы сомасы 6 457 000 теңгеден астам, бұл қаржы бөгде адамдардың атына тіркелген шоттарға аударылған.

Барлық үш жағдайда да алаяқтар келесі әдістерді қолданған: психологиялық қысым — қорқыныш ұялату, асықтыру, "шұғыл, сіздің деректеріңіз бұзылып жатыр" деген сөздерді қолдану;

  • беделді ұйымдардың атын пайдалану — қаскөйлер өздерін белгілі ұйымдардың қызметкері ретінде таныстыру;
  • техникалық айла-шарғы жасау — қосымша орнатуға және онлайн несие ресімдеуге мәжбүрлеу.

Полицейлер жүргізіп жатқан белсенді түсіндіру жұмыстары көптеген солтүстікқазақстандықтың алаяқтардың арбауына түспеуіне көмектесуде. Жыл басынан облыста 268 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Жәбірленушілер өз ақшаларын қорғап жатырмыз деп сеніп, оны алаяқтарға өз қолымен берген.

Полицейлер интернет-алаяқтардан қалай сақтану керектігін еске салады:

  • қоңырау шалушы өзін банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, ақша аудармаңыз;
  • бөгде адамдардың нұсқауы бойынша қосымшаларды орнатпаңыз;
  • банктің ресми сайты арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Телефон арқылы сізді мәжбүрлемек болса да, несие ресімдемеңіз.

Тек хабардар болу, сын көзбен қарау және сақтық қана цифрлық алаяқтықтан сенімді қорғай алады.