Алматыда ювеналды полиция күні аталып өтті

Алматыда ювеналды полиция күні аталып өтті

Бүгін Алматы қаласында Қазақстанның ювеналдық полициясы күніне орай салтанатты шара өтті.

Сап түзеу барысында қаланың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі үздік инспекторлары кәсіби шеберлігі мен қызметіне адалдығы үшін Алматы қаласы полиция департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ювеналдық полиция қызметкерлерін Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев құттықтап, олардың жұмысының ерекше маңыздылығын атап өтті.

- Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар заңдылықты қамтамасыз етумен қатар, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінің алдыңғы шебінде тұрады. Бұл жұмыс кәсіби біліммен қатар, үлкен шыдамдылықты, жүрек жомарттығы мен балалар тағдырына шынайы жанашырлықты талап етеді. Сіздердің арқаларыңызда біз құқық бұзушылықтардың алдын алып, отбасыларға көмектесіп, қоғамда заңға құрмет мәдениетін бала кезден қалыптастыра аламыз, – деді Серік Шумаев.

Қазақстандағы ювеналдық полиция институты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді қолдау жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Білім беру ұйымдары және қоғаммен бірлесіп жүргізілетін кешенді жұмыстың арқасында Алматының ювеналдық полициясы жыл сайын жүздеген жасөспірімге түзелу жолына түсіп, қолдау табуға көмектесуде.

Полиция кәмелетке толмағандар арасындағы профилактикалық жұмысты одан әрі нығайтуды жалғастырады.