Өскемен қаласының көшелері жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын көрсететін ерекше, бірақ аса маңызды акцияның алаңына айналды: қала тұрғындары эвакуаторларға тиелген, жол-көлік оқиғаларында зақымданған көліктерді көрді. Бұл – жолда тәртіп сақтамаудың қандай ауыр зардаптарға әкеп соғатынын көзбен көруге мүмкіндік берген нақты ескерту болды.
Осылайша Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары тағы да бір рет жүргізушілерге қауіпсіздік туралы еске салып, өз өміріңізге, жолаушылар мен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырды.
Акция республикалық “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұйымдастырылды.
Құқық қорғау органдарының пікірінше, зақымдалған көліктерді көрсету – қоғам назарын аударудың қатаң, бірақ тиімді тәсілі. Себебі жол жүрісі қағидаларын бұзған көлік санаулы секундтар ішінде қауіпсіз құралдан қауіп көзіне айналуы мүмкін.
ЖПІШ-тің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша облыс аумағында 17 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды. 171 жүргізуші көлікті масаң күйде басқарғаны үшін ұсталса, оның ішінде 10-ы бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. 500-ден астам көлік пайдаланудан шеттетіліп, 300-ден астамы арнайы тұраққа қойылды.
Апаттардың негізгі себептеріне айналатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдық режимін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу. Тек бір айдың ішінде ғана 1 100-ге жуық жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін жауапқа тартылды, ал 5 мыңнан астам адам өзге де бұзушылықтар үшін жазаланды.
Аймақтағы жол-көлік оқиғаларының жағдайы алаңдатарлық: жыл басынан бері 459 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 650-ден астам адам жарақат алған. Негізгі себептер – жылдамдықты асыру, қауіпті жерлерде озу, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту кезіндегі абайсыздық.
Полиция департаменті жол жүрісі қағидаларын сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті екенін ескертеді. Жолдағы қауіпсіздік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әрбір бұзушылықтың артында бір адамның өмірі тұруы мүмкін екенін есте сақтаңыз.