"Таза Қазақстан" акциясы аясында 48 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Елордада санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған "Таза Қазақстан" акциясы қарқынды түрде жалғасуда. Астана қаласы полиция департаменті ұйымдастырған бұл бастама аясында қоғамдық орындар мен қала аумағының тазалығына бақылау күшейтілді.
Іс-шара басталғалы бері қоқысты заңсыз төгу, ортақ пайдаланылатын аумақтарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректері бойынша 48 мыңнан астам адам жауапқа тартылды.
Мәселен, Ш.Айтматов көшесінің бойындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің құрылыс алаңына жақын маңда бетон қалдықтарын рұқсатсыз төгу фактісі тіркеліп, мердігер ұйымға қатысты іс қозғалды.
Тәртіп сақшылары күн сайын рұқсат етілмеген орындарда рейдтік шаралар өткізіп, қоқыс пен кәріз қалдықтарын заңсыз төгетіндерді анықтауда. Қазіргі таңда 590 жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Астана қаласының полиция департаменті қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және заң талаптарын сақтауға шақырады. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.