Жас инспекторлар сап түзеді: ІІМ-де ерекше кездесу өтті

Жас инспекторлар сап түзеді: ІІМ-де ерекше кездесу өтті

Ішкі істер министрлігінің ғимаратында қозғалыстың жас инспекторларымен ерекше кездесу өтті. Оқушылар өздерінің саптық дайындықтарын паш етіп, құқықтық мәдениетті насихаттаудағы белсенділіктерін көрсетті. 

Шара барысында жас инспекторлардың саптық жүрісін ведомствоның әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев тамашалады. Ол балаларға жоғары баға беріп, болашақта еліміздің құқық қорғау саласына үлес қосатын жастардың өсіп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. 

— Сіздер қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келесіздер. Әрқайсыңыздың бойыңыздағы жауапкершілік — біздің ортақ қауіпсіздігіміздің кепілі. Ақ жол тілеймін! – деді Қайсар Сұлтанбаев. 

Бұл кездесудің мақсаты — жасөспірімдер арасында құқықтық сана мен тәртіп дағдыларын дамыту, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен тығыз байланысты нығайту. 

Айта кету керек, елімізде 5 мыңға жуық қозғалыстың жас инспекторларының отряды бар. Онда 70 мыңға жуық бала жол жүрісі қағидаларын жетік меңгереді.