Елорда тұрғындары мен қонақтары 550 дроннан тұратын жарқын көріністің куәсі болып, оның тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар маңызды үндеу екенін сезінді: қауіпсіздік пен заң — еліміздің тұрақты дамуы жолындағы негізгі құндылықтар.
Бұл күні Мемлекет басшысы алғаш рет құқық қорғау органдарының алқа мәжілісін өткізді. Президент олардың қызметінің стратегиялық маңызына ерекше назар аударып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға, қылмыспен күресті күшейтуге және күш құрылымдарына деген қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ дәл осы күні республикалық “Заң және Тәртіп” атты ақпараттық-ағартушылық апталығы басталды. Апта аясында бүкіл ел бойынша қоғамдық, білім беру және алдын алу іс-шаралары жоспарланған.
Ақпараттық науқанның басты мақсаты — заңға құрметпен қарауды қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту және тәртіптің тұрақты әрі сенімді болашаққа жол ашатынын түсіндіру.
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевті әріптестері ерекше ықыласпен еске алды.
Тәртіп сақшылары Жайық өзенінің жағасына – қайғылы оқиға болған жерге барып, батыр рухына тағзым етті. Қолдарына гүл шоқтарын ұстап, үнсіздікпен еске алған олар Шалқардың ерлігі мен жанқиярлығын жүректерінде сақтайтындарын жеткізді.
Шалқар Ақымғалиев – халқына адал қызмет етудің, азаматтық борышты орындаудағы батылдықтың символына айналды. Оның артында ерлікке толы өмір жолы мен ел үшін жасаған қайсарлығы қалды. Ер есімі – ел есінде.
Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” атты жаңа цифрлық сервисті іске қосты – енді азаматтар құқық бұзушылықтар туралы полицияға тікелей Egov Mobile қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Қосымшаның басты бетінде арнайы “Заң мен Тәртіп” түймесі пайда болды. Сол арқылы хабарламаны жедел жолдауға болады. Өтініш беру қарапайым әрі түсінікті. Қоғамдық тәртіпті бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы немесе балаға төнген қауіп сияқты жағдайлар туралы дабыл бірден полицияға түседі және полиция қызметкерлері хабарлама түскен сәттен бастап әрекет етеді.
Осындай түймелер кейбір банк қосымшаларына да интеграцияланған, бұл сервисті кең аудитория үшін қолжетімді етеді.
Жоба ІІМ жүргізіп жатқан ауқымды цифрландыру процесінің бір бөлігіне айналды. Мақсат – полиция мен азаматтар арасындағы өзара әрекеттестікті жеңілдету және жеделдету, жедел әрекет ету деңгейін арттыру және көмекті барынша қолжетімді ету.
Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер бүкіл ел аумағында қабылданады.
«Заң және тәртіп» апталығы аясында өткен мерекелік іс-шараға құқық қорғау құрылымдарының басшылары, Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы, ардагерлер, сондай-ақ азаматтарды құтқару үшін өмірін құрбан еткен полиция қызметкерлерінің жақындары қатысты.
Концертте отандық өнер шеберлерінің шығармалары ұсынылды. Кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады. «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының орындауындағы ән де ерекше жылы әсер қалдырды.
Ұлттық ұлан құрамасы қазақ күресі бойынша ІІМ спартакиадасында екінші орын иеленді.
Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің XII Спартакиадасы аясында ұлттық спорт түрі – "Қазақ күресі" бойынша жарыстар өтті. Турнир ҚР ІІМ қарасты "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 2025 жылға арналған спорттық күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Тартысты өткен бәсекеде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының құрамасы командалық есепте екінші орынды иеленіп, ІІМ құрамасына ғана есе жіберді. Қола жүлде "Динамо" спорт қоғамы командасына бұйырды.
Жеке біріншілік бойынша да ұландықтар жоғары нәтиже көрсетті. Жүлдегерлер қатарында: 66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды 6654 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұрсұлтан Нұрсейітов жеңіп алды; 74 кг дейін екінші орынды 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Тілек Тоқтасынұлы иеленді; 82 кг дейін күміс жүлдені 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Әли Әлімби қанжығасына байлады; 90 кг дейін қола жүлде 6655 әскери бөлімінің ефрейторы Азат Қуановқа бұйырды; 100 кг дейін алтын медаль 5573 әскери бөлімінің сержанты Бекзат Алтынбаевқа табысталды; 100 кг жоғары салмақта бірінші орынды 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Жандос Сейтенов жеңіп алды.
— Осындай деңгейдегі жеңіс – бұл бірліктің, жаттығулар мен қолдаудың жемісі. Бізге әрдайым жағдай жасап, жігер берген ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековке зор алғысымды білдіремін. Бұл медаль – менікі ғана емес, бүкіл "Burkit Team" командасының, бізді дайындаған бапкерлердің, сенім артқан басшылықтың жеңісі. Алда да Ұлттық ұлан намысын спорт алаңдарында абыроймен қорғай береміз, – деді сержант Бекзат Алтынбаев.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Burkit Team" командасының бұл жетістігі — жеке құрам арасында дене дайындығын жетілдіру, жауынгерлік рухты нығайту және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
23 маусым — Қазақстан полициясы күні. Бұл күнтізбедегі жай күн емес, бұл Отан алдындағы адал қызметті өмірінің мәніне айналдырған адамдардың ерлігі мен жанқиярлығына көрсетілген құрмет күні.
Полиция жай ғана мамандық емес, ол мықты рух, төзімділік пен өзгенің тыныштығы үшін өз өмірін құрбан етуге дайын табандылықты талап ететін жауапкершілігі зор қызмет. Тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты. Шамамен 5 мың қызметкер жарақат алды.
Кешегі ұлы дала заңдарын күзеткен батырлар сияқты бүгінгі полицейлер әр азаматтың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қолдағы қару мен сауыт-сайман өзгергенімен міндет сол қалпы - бейбітшілік пен әділеттілікті қорғау.
Полиция — қазақ батырларының ерлік дәстүрін жалғастырушы, қауіп-қатерге ең алғаш болып ден қоятын қалқан.
Бүгін, 23 маусым, Қазақстан Республикасы полициясы күніне орай Ішкі істер министрі Ержан Саденов Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған құттықтау жариялады.
Ведомство басшысы полиция жұмысының маңыздылығын атап өтіп, оның әрдайым әділдік, абырой және ерліктің символы болуы керектігіне назар аударды. Ол әріптестеріне табандылығы, жанқиярлығы және антқа адалдығы үшін алғыс білдіріп, ал ардагерлерге жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін ерекше ризашылығын жеткізді.
– Ішкі істер органдарындағы қызмет жоғары кәсібилікті, төзімділікті және өз ісіне шексіз адалдықты талап етеді. Бүгін де, бұған дейінгідей, сіздер табандылық, жанқиярлық пен антына адалдық танытып келесіздер. Сіздерге зор денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін! - деді Ішкі істер министрі.
Аталған мереке 2007 жылы белгіленген және жыл сайын 23 маусымда — 1992 жылы "Ішкі істер органдары туралы" Заң қабылданған күні аталып өтеді.
Алматы облысында "Заң және Тәртіп" идеологиясын ілгерілету аясында құқық қорғау органдары қызметкерлері 4120 метрлік биік шыңға көтерілді.
Шараға Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қатысты.
Шың басына "Заң және Тәртіп" жалауы тігіліп, ел ішінде заңның үстемдігін бейнелейтін символға айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заң мен тәртіп – әділетті мемлекеттің негізі екенін бірнеше рет атап өтті. Онсыз экономикалық даму, инвестиция тарту және халықтың сенімі мүмкін емес. Әділеттілік қоғамның қалыпты жағдайына айналуы тиіс, ал заңсыздық сирек құбылыс болуы қажет. Тек осылай ғана әр азамат өзін қауіпсіз сезінетін заманауи мемлекет құруға болады.
Жол бағыты Тұйықсу мен Мынжылқы шатқалдары, Альпинград алаңы және Маншүк Мәметова атындағы асу арқылы өтті.
ШҚО-да полицейлер жүкті әйелді дер кезінде ауруханаға жеткізуге көмектесті.
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, Шемонаиха ауданына қарасты Большая Речка ауылынан жүкті әйелді қаладағы медициналық мекемеге уақытылы жеткізуге көмектесті.
Жолда жедел жәрдем көлігінің жарық және дыбыстық дабылдарын байқаған полицейлер бірден оны ілесіп алып жүру туралы шешім қабылдаған. Қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде полиция қызметкерлері арнайы автокөлікке кедергісіз жүруге мүмкіндік жасап, жол жүру уақытын едәуір қысқартты.
Медицина қызметкерлері мен болашақ ананың жақындары полиция қызметкерлеріне кәсіби әрі жанашырлықпен көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді.
– Жол небәрі бірнеше минутқа созылды, бәрі сәтті өтті. Полицияға үлкен рақмет, – деді отбасы мүшелерінің бірі.
19 маусым күні Павлодар облысында соққан күшті дауылды жел аймақ тұрғындарына айтарлықтай зиян келтірді. Табиғат тосын мінез танытып, көптеген ғимараттардың шатырларын жұлып әкетті, электр желілері мен ағаштарды құлатты. Қоғамдық аялдамалар мен балалар алаңдары бүлініп, бірнеше автокөлікке де залал келді. Халықтың демалыс орны – орталық жағалау да зардап шекті.
Төтенше жағдайдан кейін облыста ауқымды қалпына келтіру жұмыстары басталып, оған коммуналдық қызметтер мен арнайы техника жұмылдырылды. Алайда қиын сәтте бұқарадан тыс қалмаған полиция қызметкерлері мен тұрғындар да бір кісідей атсалысты. Олар қиранды болған аумақтарды тазалап, зардап шеккендерге қол ұшын беріп, елмен бірге екендерін іс жүзінде дәлелдеді.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде тұрғындар тәулік бойы жұмыс істейтін 109 нөмірлі Бірыңғай байланыс орталығы мен Төтенше жағдайлар департаментінің 112 және 8 (7182) 70-37-95 нөмірлері арқылы көмек сұрай алады.