ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Қызметі
Аймақтар
Байланыс ақпараты
Все материалы
17 июля 2025
"Қауіпсіз жол" іс-шарасы: Алматы облысында полиция бақылауды күшейтті

Алматы облысында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде, соның ішінде Талғар бағыты бойынша жолдарда, полицейлер заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, жол қозғалысын бақылауды күшейтті.

"Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтап, алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Шараға заманауи техникалық құралдар тартылып, жасырын әрі тиімді бақылау жүйесі жүзеге асырылды.

Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс аумағында 1447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – адам өмірі мен тағдырына тікелей әсер ететін маңызды дерек. Осыған байланысты өңірде жол апаттарының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылданып, техникалық мүмкіндіктер белсенді түрде пайдаланылуда.

Талғар тас жолында бірнеше техникалық құралдарды қамтитын жасырын патрульдеу жүйесі енгізілді: дрондар – әуеден қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу жағдайларын бақылап түсіреді; "Ekin Patrol" жүйесі – көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдықты асыру, техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы секілді құқық бұзушылықтарды тіркейді; жасырын патрульдер – арнайы белгілері жоқ автокөліктер, олар нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін бақылап, полицияның тікелей қатысуынсыз өрескел заң бұзушылықтарды тіркей алады.

– Қазіргі технологиялар жағдайды алдын ала болжауға және оған әсер етуге мүмкіндік береді. Жүргізушілер әдетте стационарлық бекеттер мен патрульдік көліктерге үйреніп қалған. Ал жасырын патруль нақты жолдағы жағдайды ашып көрсетіп, ауыр салдардың алдын алуға көмектеседі, – деді полиция өкілдері.

Тек 2025 жылдың өзінде Алматы облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерінің 110 мыңға жуық бұзушылығын анықтаған. Атап айтқанда, техникалық ақауы бар көлік жүргізу - 11 029 жағдай, тоқтау және тұру ережелерін бұзу - 2542 жағдай, қарсы жолаққа шығу - 615 жағдай, мас күйде көлік жүргізу - 479 жағдай, жаяу жүргіншілермен байланысты бұзушылықтар - 13 697 жағдай.

– Әрбір бұзушылықтың артында ықтимал апат тұруы мүмкін. Жолдағы бақылау шаралары жазалау үшін емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізіледі. Жүргізуші бақылау көзге көрінбесе де, оның бар екенін түсінуі керек. Біздің басты мақсатымыз – жолдағы тәртіпті қалыптастырып, адам өмірін сақтау, – деп атап өтті ведомствода.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды тәртіп пен жауапкершілікке шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған технологиялар – әрбір азаматтың амандығына кепілдік беретін құрал.

17 июля 2025
ІІМ делегациясы Павлодар облыстық ҚАЖ департаментінің жеке құрамымен кездесті

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді іске асыру аясында Павлодар облысына ІІМ-нің жұмыс тобы іссапармен барды.

Делегацияны ІІМ мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Өмірзақ Болсамбеков басқарды. Сонымен қатар құрамында қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ихсан Дюсембин мен ІІМ-нің жеке құраммен жұмыс департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Есжан Арыстанов болды.

Сапар барысында Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құрамымен кездесу өтті. Ардагер Болсамбеков ардагерлік ұйымдармен өзара іс-қимыл, тәрбие жұмысы, қызметтік тәртіпті сақтау және тәлімгерлік институтын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, кәсіби мәдениетті және қызметкерлер арасында патриотизмді қалыптастыруға ықпал етеді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
16 июля 2025
Киіз үйдегі дәріс: Жамбыл облысында "Есірткісіз болашақ!" тақырыбында акция өтті

Меркі ауданының "Жұлдыз" жазғы балалар лагерінде "Есірткісіз болашақ!" ұранымен есірткіге қарсы акция өтті. Шараны Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыс әкімдігінің білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Спорт, өнер және пайдалы білімді қамтыған мазмұнды бағдарлама ондаған баланы біріктірді. Лагерь алаңында ұлдар мен қыздар арасында волейбол матчы, сондай-ақ ұлдар арасында футбол турнирі өтті. Сонымен қатар өзен жағасында сурет салу байқауы ұйымдастырылды.

Акцияның білім беру бөлігі киіз үйдегі дәріспен жалғасты. Мұнда балалар салауатты өмір салтын таңдау, есірткінің зияны туралы маңызды тақырыптарды талқылап, мамандарға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Балалар қазақтың дәстүрлерімен танысып, домбыра тартып, өнер көрсетті.

16 июля 2025
Қарағандыда ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы 31 жастағы әйелге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактілері бойынша тергеуді аяқтап жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті бір жарым жыл бойы өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға несиелерін мерзімінен бұрын жабуға көмектесемін деп уәде берген. Алайда бұл уәделердің астарында алаяқтық схема тұрғаны анықталды.

Әйел адам тұрғындардың сеніміне кіріп, жалған қызмет ұсыну арқылы олардың атынан екінші деңгейлі банктерден бірнеше несие рәсімдеген. Нәтижесінде 98 эпизод бойынша алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген жалпы шығын көлемі 200 миллион теңгеден асып кеткен.

Жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысы нәтижесінде бұлтартпас айғақтар жиналып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалуда. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамақ түрі таңдалған.

Полиция азаматтарға келесідей ескертулерді ұсынады:

  • Қаржы қызметтері бойынша ұсыныстар түскен жағдайда, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіздер;
  • Өзін банк не өзге қаржы ұйымының өкілі ретінде таныстыратын тұлғаларға сақтықпен қараңыздар;
  • Алдын ала төлем талап ететін қызметтерге сенбеңіздер;
  • Күмәнді жағдайлар туындаса, бірден полицияға жүгініңіздер.

Тәртіп сақшылары алаяқтықтың алдын алу азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп әрекет етуіне тікелей байланысты екенін ескертеді.

Әкімшілік полиция
16 июля 2025
Екібастұзда мал жаю ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды

2025 жылдың басынан бастап Екібастұз қаласының ПБ учаскелік инспекторлары 65 мал иесін жауапқа тартты. Мамандандырылған тұраққа 145 бас мал қамалды.

Осы жылы өңірде ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 10 ЖКО тіркелді.

Мысалы, 15 шілдеде сағат 02:50 шамасында Павлодар — Екібастұз автожолында 102 км жол-көлік оқиғасы болды, онда көлік жүргізушісі жылқыны қағып кетті. Зардап шеккен адамдар жоқ, бірақ көлік құралына зиян келтірілді. Жылқы иесі анықталғанға дейін жануарлар арнайы тұраққа қамалды.

- Иесі ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған Ақжол ауылының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Факті бойынша одан әрі талқылау оның және жәбірленушінің арасында сот тәртібімен жүргізілетін болады, - дейді полиция қызметкерлері.

Цифрландыру және байланыс
16 июля 2025
Елордада "SOS" батырмасы арқылы жоғалған бала дер кезінде табылды

Елордада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 25 арнайы "SOS" батырмасы орнатылған. Бұл батырмалар арқылы тұрғындар шұғыл жағдайда бірден полицияның көмегіне жүгіне алады.

Жыл басынан бері осындай батырмалар арқылы 24 шұғыл хабарлама келіп түсті. Солардың бірі – жақында елордадағы темір жол вокзалы маңында болған оқиға.

Кешкі сағат 22:00-ден кейін белгісіз тұрғын вокзал маңында кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап, алаңдаушылық білдіріп, жақын маңдағы "SOS" батырмасы арқылы полицияға хабар берді.

Патрульдік полиция қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына жетіп, 9 жастағы баланы тауып, оның жанында ересек адамдардың болмағанын анықтады. Баламен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның тұрғылықты мекенжайы мен анасын анықтағаннан кейін бала анасына аман-есен тапсырылды. Бұл жағдай "SOS" батырмаларының қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Мұндай технологиялар азаматтардың белсенді қатысуымен бірге тәртіп сақшыларына уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді.

Полиция тұрғындарды бейжай қалмауға және қоғамдық қауіпсіздікке ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырады.


Әкімшілік полиция
16 июля 2025
ІІМ ескертеді: жолдағы артық жылдамдық – басты қауіп көзі

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге жолдағы жылдамдықты сақтаудың маңыздылығын кезекті рет ескертеді.

2025 жылдың алты айында ел жолдарында жылдамдықты асырып жүрудің үш миллионнан астам дерегі тіркелген.

Жылдамдық режимін сақтамау жол-көлік апаттарының басты себептерінің бірі болып отыр. Атап айтқанда, жарты жылда елді мекендерде жылдамдықты арттыру салдарынан 1129 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 95 адам қаза тапты. Ал республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда 986 апат болып, 180 адам көз жұмды.

Жолдағы жауапкершілікті еске салу мақсатында полиция әлеуметтік бейнеролик жариялады. Онда тек жүргізушінің емес, басқа да адамдардың тағдырына әсер ететін бір әрекеттің салдары көрсетіледі.

ІІМ жылдамдық режимін сақтау жай ғана талап емес, әр адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды ереже екенін атап өтеді.

15 июля 2025
Қостанай облысында полицейлер жанып жатқан ғимараттан ер адамды алып шықты

Қостанай облысында полиция қызметкерлері ер адамды жанып жатқан ғимараттан құтқарып қалды.

13 шілде күні түнгі сағат 03:09 шамасында Алтынсарин ауданы, Щербаков кентінде орналасқан бос тұрған ғимараттың шатырынан өрт шыққаны туралы өрт сөндіру бөліміне хабар түсті. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру тобы барып, қызыл жалында ауыздықтау жұмыстарын бастап кетті.

Көп ұзамай оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Дулат Нұрумов пен Амантай Кенжебаев келіп жетті. Батылдық пен бастамашылдық танытқан полиция қызметкерлері аумақты тексеру үшін қазандық бөлмесіне кірді.

Тексеру барысында олар қою түтіннің ішінде ұйықтап жатқан ер адамды байқап қалады. Уақыт жоғалтпай, оны қауіпті аймақтан шығарып, өмірін сақтап қалды.

Полиция қызметкерлерінің жанқиярлығы мен өрт сөндірушілердің жедел әрекеттері арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Ер адам ешқандай жарақат алмады және дәрігерлерге тексерілу үшін тапсырылды.

Бұл оқиға төтенше қызметтердің үйлесімді жұмысы мен өзгенің өмірін сақтау жолында өмірін қатерге тігуден тайынбайтын полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің айқын үлгісі болды.



15 июля 2025
Астанада ТМД елдерінің ІІМ елордалық бөліністері басшыларының V кеңесі өтті

Астана қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер органдарының елордалық бөліністері басшыларының V кеңесі өтті.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов шетелдік қонақтармен кездесті. Министр қоғамдық тәртіпті сақтауда халықаралық ынтымақтастықты дамыту маңызды екенін атап өтті.

Кеңес Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың төрағалығымен өтті. Халықаралық алаңда Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның ішкі істер органдарының өкілдері, сондай-ақ Ұйымдасқан қылмыс пен өзге де қауіпті қылмыс түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының директоры Олег Коновалов жиналды. Кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, мегаполистерде қылмыспен күрестегі заманауи сын-қатерлер талқыланды.

Қатысушылар баяндама жасап, трансұлттық қылмысқа, киберқылмыстарға, есірткі айналымына қарсы іс-қимыл және бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында тәжірибелерімен бөлісті.

Талқылау қорытындысы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға қатысты нақты ұсыныстар әзірленді.


Цифрландыру және байланыс
15 июля 2025
QR-коды бар туристік карта — қауіпсіз саяхат кепілі

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында туризм саласын дамыту мен шетелдік қонақтар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы бағытта қолға алынған бастамалардың бірі – ел аумағына кірген әрбір шетелдік туристке арнайы QR-коды бар туристік карта беру.

Мұндай карталар шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздің туристік инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі. Қазіргі таңда шетелдік қонақтардың жайлылығы үшін safetravel.kz мобильді платформасы іске қосылды.

Сонымен қатар туристік карталар Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда, сондай-ақ Түркістан облысындағы “Қапланбек” шекаралық бақылау бекетінде таратылып жатыр. Бұл бастама алғашқы кезеңнің өзінде оң нәтижесін көрсетуде.

Туристік картадағы QR-код арқылы көптілді ақпараттық порталға өтуге болады. Онда мынадай маңызды мәліметтер ұсынылған:

Полициямен жедел байланыс орнатуға арналған “102” мобильді қосымшасын жүктеу бойынша кеңестер (соның ішінде төтенше жағдайлар кезінде "SOS" батырмасы арқылы көмекке шақыру мүмкіндігі);

  • Шетелдіктердің тіркеу тәртібі мен көші-қон ережелеріне қатысты жадынама;
  • Жол ақысының орташа бағасы көрсетілген такси сервистері мен қосымшалар тізімі;
  • Ұялы байланыс операторлары мен SIM-карталардың орташа құны жөніндегі ақпарат.

Бұл бастама Қазақстанға келген әрбір туристің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.


Социальные сети
Twitter
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы