
Қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап кибералаяқтар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына жаңа тәсілмен қоңырау шала бастады.
Қаскөйлер өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтады. Әңгіме барысында телефонның пернетақтасынан келісімін растау үшін "1" батырмасын, ал бас тарту үшін "3" батырмасын басуды сұрайды.
Осыдан кейін азаматқа аталған ұйымдардың қызметкері ретінде хабарласады. Олар адамның басқан санына байланысты оның жеке кабинеті бұзылғанын және атына несие рәсімделгенін айтады. Алаяқтар жағдайды "реттеудің" жалғыз жолы — "айна" несие рәсімдеп, алынған қаражатты "қауіпсіз шотқа" аудару деп сендіреді.
Шын мәнінде, бұл — алаяқтардың арбауына түсірудің жаңа тәсілі.
Ақша қаскөйлердің бақылауындағы шоттарға аударылады.
Соңғы күндері полицейлерге осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат келіп түскен. Бұл — азаматтардың "102" арнасына хабарлаған фактілері. Жаңа тәсіл бойынша бір қылмыс тіркелді: Облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғын алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта осы тәсілге қатысты басқа қылмыс фактілері тіркелген жоқ. Полицейлердің профилактикалық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көптеген тұрғындар алаяқтардың жаңа тәсілін танып, қоңырауларға сақтықпен қарай бастаған.
Маңызды: ХҚКО және eGov қызметкерлері азаматтардан банк карталарының деректерін, шоттағы қаражат туралы ақпаратты немесе басқа да банктік құпия мәліметтерді талап етпейді. Мұндай қоңырауларға сенбеңіздер және бөгде адамдардың нұсқауы бойынша несие рәсімдеп, ақша аудармаңыздар.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша СҚО-да 389 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға жуық төмен. Оның ішінде 248 фактісі қаскөйлердің азаматтарды ірі көлемде несие рәсімдеуге көндіретін түрлі алаяқтық схемаларымен байланысты.
Полицейлер солтүстікқазақстандықтарды QR-код арқылы өтуге болатын WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топқа қосылуға шақырады. Онда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.
Сонымен қатар азаматтар кеңес алу немесе киберқылмыс туралы хабарлау үшін +7-708-022-09-45 сенім телефонына анонимді түрде хабарласа алады.
Жетісу облысында биыл бейнебақылау камералары арқылы 281 қылмыс ашылды.
Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи цифрлық технологияларды пайдалану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы жылдың 8 айында облыс аумағында бейнебақылау камераларының көмегімен 281 қылмыс ашылып, 24 434 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде полиция департаментінің Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары аталған кезеңде 193 қылмыстың ашылуына ықпал етіп, 10 814 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау процесін жетілдіру мақсатында “Омниканалды” жоба іске асырылуда. 2026 жылы аталған жүйе арқылы 542 хабарлама тіркеліп, оның 439-ы “Заң мен тәртіп” мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен.
Азаматтардың белсенділігі мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктері құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүрген адамдарды анықтап, олардың тарапынан жасалуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Полиция “Заң мен тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Астанада домбыра үйірмесіне қатысатын балалардың ата-аналарынан полицияға ұжымдық арыз түсті.
Алдын ала мәлімет бойынша, 32 жастағы ер адам ата-аналардың сеніміне кіріп, үйірме тәрбиеленушілерін байқауға қатысу үшін Дубайға апаруды ұйымдастыруға уәде берген. Осы сылтаумен азаматтардан әртүрлі мөлшерде ақша алған.
Қазіргі уақытта алдау жолымен ақша қаражатын иемденудің 11 дерегі анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ басқа да тұлғалардың болуы мүмкін қатыстылығы анықталуда.
Полиция азаматтарға ақша бермес бұрын ұсынылған ақпараттың шынайылығына көз жеткізуді, құжаттар мен қызмет көрсету шарттарын мұқият тексеруді, сондай-ақ ресми құжаттармен расталмаған уәделерге сенбеуді ескертеді. Күмән туындаған жағдайда полицияға “102” нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Павлодар облысында биыл “SOS” дабыл түймелері арқылы тұрғындардан 29 өтініш түсті.
Төтенше жағдайларда жедел көмек шақыруға арналған қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементтерінің бірі – “SOS” дабыл түймелері. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Бейнекамера арқылы бейнетүсірілім жүргізіледі, ал орнатылған динамиктер полиция қызметкеріне азаматпен аудиобайланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Павлодар қаласында демалыс орындары мен адам көп жиналатын аумақтарда полицияны жедел шақыруға арналған 20 арнайы “SOS” дабыл түймесі орнатылған. Құқыққа қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтар құрылғыдағы түймені басу арқылы полицияның жедел басқару орталығының қызметкерімен іс жүзінде бірден байланыса алады.
Жыл басынан бері “SOS” түймелері арқылы облыс тұрғындарынан 29 өтініш келіп түскен. Негізгі шақыртулар әкімшілік сипаттағы құқық бұзушылықтарға байланысты. Олардың қатарында тыныштықты бұзу, көшеде мас күйінде жүру, қоқыс тастау, жол жүрісі қағидаларын бұзу және басқа да құқық бұзушылықтар бар.
Құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, сондай-ақ әкімшілік сипаттағы тиісті шаралар қабылданады.
Полиция қызметкерлері қала тұрғындарын қылмысқа немесе құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда, күдікті адамды немесе көлік құралын мас күйінде басқарып келе жатқан жүргізушіні байқасаңыз, полицияға дереу хабарлауға шақырады. Мұндай құрылғыларды пайдалану азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын барынша қысқа мерзімде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ІІМ-де "Қарасора - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысы шығарылды.
Шу алқабы 60 мың гектардан астам аумақты алып жатыр және есірткі қылмыскерлерінің көзіне түседі. Сонымен қатар еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аймақтар есірткі құрамдас өсімдіктерді өсіруге қолайлы жағдай қалыптастырады.
Осыған байланысты есірткінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында аталған өңірлерге осы операцияға тартылған күштер мен құралдар жұмылдырылуда. Бұл ретте ұшу аппараттары, авиация және ғарыштық мониторинг белсенді қолданылуда.
Республикалық операцияның үш айында екі мыңнан астам есірткі құқық бұзушылығының жолы кесіліп, төрт ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. 21 тонна есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Есірткі құрамдас өсімдіктерді өсірудің 256 фактісі тіркеліп, ондаған есірткі плантациясы жойылды. Есірткі құрамдас өсімдіктерді жасанды жолмен өсіруге арналған 25 фитозертхана жойылды.
"Қарасора - 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
"Металл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жаңаөзен қаласының полиция қызметкерлері мұнай-газ кәсіпорнының өндірістік нысандарынан жабдықтарды бірнеше рет ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады.
Алдымен полицияға Теңге ауылында орналасқан ұңғымалардың бірінен екі шиберлі ысырманың ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Ұрланған жабдықтың жалпы құны 1,5 миллион теңгеден астам соманы құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтады. Кейінгі тексеру кезінде оның осыған ұқсас өзге де ұрлықтарға қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды. Жалпы ер адам кәсіпорын мүлкін ұрлаудың алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді.
Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта ұрланған жабдықтардың орналасқан жерін анықтау, сондай-ақ басқа тұлғалардың қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматыда полиция қызметкерлері энергетикалық сусындардың кәмелетке толмағандарға сатылуына жол бермеу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіп жатыр.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 423-1-бабы талаптары аясында өткізіліп жатыр. Аталған бапта энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сату үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Рейд барысында полиция қызметкерлері сауда орындарын аралап, белгіленген талаптардың сақталуын тексереді. Сондай-ақ сатушыларға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіреді. Кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға жол бермеуге ерекше назар аударылуда.
– Біздің мақсатымыз – заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Рейд барысында полиция қызметкерлері сатушыларға заң талаптарын түсіндіріп, энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Полиция сауда нысандарының өкілдерін заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сату заңда белгіленген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Мұндай заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады.
Жамбыл облысы полиция департаментінде Қазақстан халқының Тілдері күніне орай "Парасатты полицей" тіл апталығы аясында "Тіл — тірлік пен бірліктің тұтастығы" атты тағылымды іс-шара өтті.
Жиынға департаменттің басшылық құрамы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхананың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар түрлі этностардың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін қолөнер бұйымдары, тарихи жәдігерлер мен ұлттық тағамдар қойылған көрмені тамашалады.
Дөңгелек үстел барысында өзбек, әзірбайжан, орыс, кәріс, түрік және күрді этностарының өкілдері мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, тілге құрмет, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызы жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында ұлттық өнерге де ерекше мән берілді. Кәріс этносының өкілі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал әзірбайжан этносының өкілі ел бірлігі мен достықты арқау еткен өз туындысын оқып, жүрекжарды жырын жеткізді. Сонымен қатар қатысушылар өлең оқып, домбырамен күй шертіп, өнерлерін ортаға салды.
— Мемлекеттік тіл — баршамызды біріктіретін ортақ құндылық. Тілді құрметтеу — елді, Отанды құрметтеу. Полиция қатарында түрлі этнос өкілдері бір мақсат жолында — халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай қызмет етіп келеді. Бұл — қоғамдағы татулық пен бірліктің жарқын көрінісі, — деді ПД бастығының орынбасары Асет Оспанов.
Іс-шара соңында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл мәдениетін дамытуға белсенді үлес қосып жүрген өзге этнос өкілдерінен құралған полиция қызметкерлеріне Алғыс хаттар табысталды.
Тілі әртүрлі болғанымен — тілегі бір. Ұлты әртүрлі болғанымен — Отанымыз ортақ.
Осы күзде 7 мыңнан астам жас қазақстандық құқықтық тәртіп әскері қатарын толықтырады. Күзгі әскерге шақыру науқаны 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Ұлттық ұланда мерзімді қызмет атқарған сарбаздар әскери дайындықтан өтіп, қызмет ерекшелігіне сай мамандықтарды меңгереді. Сонымен қатар “Сарбаз 2.0” бағдарламасы аясында өзін жақсы қырынан көрсеткен үздіктерге тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі. Бүгінде 70-тен астам жоғары оқу орны оларды қабылдау туралы меморандумға қол қойды. Сондықтан жыл сайын 1 400-ден астам сарбазға білім гранты тағайындалады.
Әскери қызмет барысында мамандық меңгерген жастардың алдында тағы бір мүмкіндік бар. Ұлттық ұландағы қызметін кәсіби жол ретінде таңдаған сарбаздар мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт бойынша қызметін жалғастыра алады.
Ал күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы легі Астана қаласы әкімдігінің жиын пунктінен басталды. Мұнда әскери міндетін өтеуге шақырылған 35 жас азаматты шығарып салу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Бүгін олар Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ Абай облысынан 20 азамат елордадағы 5573 бригадасына әскери қызмет өткеруге келді.
Алдағы апталарда өңірлердегі шақыру науқаны жалғасып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жаңа сарбаздармен толығады. Әскери ант қабылдап, қажетті даярлықтан өткеннен кейін жас сарбаздар жауынгерлік қызметке кіріседі.
Қызмет барысында әскери қызметшілер маңызды мемлекеттік объектілер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуге, сондай-ақ ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады.
Күнделікті кезекшілік кезінде әскери қызметшілер тұрғындарға түрлі жағдайларда көмек көрсетеді. Мәселен, ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына табыстаған немесе тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен жағдайлар да кездеседі.
Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жұмылдырылған. Биылғы 6 айда ұландық әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 1,3 мыңнан астам тапсырма орындаған. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 6 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 151 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Шымкент қаласында полиция департаментінің бастамасымен есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы мен жарнамасының алдын алуға бағытталған "Шымкент – есірткісіз қала" іс-шарасы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды қоса алғанда, үш мыңға жуық адам қатысты.
Саптық жиыннан кейін қатысушылар қаланың бес ауданына бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп белгіленген аумақтарды тексерді. Жұмыс барысында есірткіні насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды.
Іс-шара аясында Шымкент қаласының барлық ауданы қамтылып, тұрғын үйлердің қабырғалары, қоршаулар мен өзге де нысандар тексерілді.
Полиция азаматтарды есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты фактілерге бейжай қарамай, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.