Астанада Ішкі істер министрі Ержан Саденов Францияның Ішкі істер министрінің арнайы өкілі Патрик Стефанинимен және Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Франция ІІМ арасындағы қызмет бағыттары, оның ішінде көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі қаралды.
Сондай-ақ тараптар өткен жылдың қараша айында Қазақстан мен Франция арасында қол қойылған адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысушылар бірлескен іс-қимылды жалғастыруға ниет білдірді.
Ішкі істер министрлігінде Дубайда өткен UAE SWAT Challenge турнирінде бақ сынап, үздік нәтиже көрсеткен тәртіп сақшылары марапатталды.
Әлемдік аренада ел абыройын асқақтатқан жауынгерлерді бұл жетістіктерімен министр Ержан Саденов құттықтады.
- Біздің арнайы жасақтар осы сайыста жоғары шеберлікті, табандылықты және командалық рух пен жеңіске деген талпынысты көрсетті.
Заң мен тәртіпті ту еткен сіздер нағыз батырсыздар, - деді Ішкі істер министрі.
Айта кету керек, ақпанның 1-5 аралығында өткен дүбірлі додаға Қазақстан атынан 12 команда қатысса, оның алтауы полиция ведомствосынан болды. Олар "Сұңқар", "Арлан", Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ пен "Бүркіт" бөліністерінің намысын қорғады.
"Сұңқар" арнайы бөлінісі турнирдің күміс жүлдегері атанды. Министрлікке қарасты Ұлттық ұланның бір командасы үздік ондықтың қатарынан көрінді.
Сонымен қатар биыл еліміз үшін тағы бір қуанышты жаңалық – "Томирис" әйелдер командасының халықаралық жарысқа алғаш рет қатысуы. Нәзік жандылар ерлерден қалыспай, ептілігі мен кәсібилігінің арқасында көрермен жүрегінен орын алды.
Спортқа жақын, қызметіне адал, салауатты өмірді ту еткен қызметкерлердің құрметіне арналған іс-шара мерекелік концертке ұласты.
Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері осы жылдың бірінші айында есірткіге байланысты 47 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 10 синтетикалық есірткі сату жайты. Департамент бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаевтың айтуынша, заңсыз айналымнан 35 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 1 келіден астамы синтетикалық есірткі бар.
Бейсенбаев ішкі істер министрі 2025 жылды Профилактика жылы деп жариялағанын еске салды. Осыған байланысты құқық бұзушылықтардың, оның ішінде есірткі қылмыстарының алдын алу шаралары күшейтілді.
Рейдтер барысында полицейлер есірткіге масаң күйінде көлік тізгіндеген 18 жүргізушіні анықтады, олар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Қала аумағындағы ғимарат қабырғаларында граффити түрінде есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде есірткі заттарын сататын сайттарды жарнамалайтын 500-ге жуық жазба жойылды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 74 есірткі сайтын бұғаттады.
Полиция есірткі заттарын сақтау және сату қылмысы үшін заңмен қатаң жаза қарастырылғанын ескертеді.
Абай облысының Аягөз ауданында жедел басқару орталығы ашылды.
Аягөз қаласында заманауи жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына Абай облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ернар Базаров жетекшілік етті. Салтанатты шараның құрметті қонағы – Аягөз ауданының әкімі Данияр Шакарымов азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Қазіргі таңда қала көшелері мен қоғамдық орындарға 120 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл жүйе кез келген оқыс оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады. Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында 10 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылды. Сонымен қатар, пилоттық жоба аясында жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін заманауи Ekin Patrol G2 мобильді кешендері қолданысқа енгізілуде. Бұл инновациялық құрылғылар нақты уақыт режимінде заң бұзушылықтарды анықтап, жол қозғалысы жағдайын талдау мүмкіндігіне ие.
– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жыл "Профилактика жылы" деп жарияланды. Аягөз қаласында жедел басқару орталығының ашылуы – қауіпсіздікті нығайту және құқық бұзушылықтың алдын алу жолындағы маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету, – деп атап өтті Ернар Базаров.
Жаңа жедел басқару орталығы – қаланың қауіпсіздік жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңі. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті күшейтуге және тұрғындардың қауіпсіздігін жаңа технологиялар арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Енді Аягөз халқы бейбіт өмір сүріп, өздерін сенімді сезіне алады.
Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс қорытындысы қаралды.
Ведомство басшысы Ержан Саденов қоғамдық кеңес мүшелеріне еліміздегі криминогендік жағдай туралы хабарлады. Ішкі істер министрі соңғы жылдары қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде ахуалдың едәуір жақсарғанын атап өтті.
- Қылмыс деңгейі 102 мыңға дейін немесе 11%-ға төмендеді. 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 12 700 қылмысқа аз тіркелді. 90-шы жылдарды қарайтын болсақ, ол кезде қылмыс саны 200 мыңнан асатын. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Нөлдік межеге жетуді мақсат етіп отырмыз, - деді министр.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Статистикалық деректер осы тенденцияны растап, криминогендік жағдайдағы елеулі өзгерістерді көрсетіп отыр.
Төмендеу ауыр қылмыстар, оның ішінде тонау, ұрлық, зорлау және адам өлтіру сияқты қылмыстарға да қатысты. Мысалы, 1997 жылы адам өлтірудің 2594 фактісі тіркелсе, өткен жылы 565 факті болды.
Атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар қоғам қауіпсіздігіне ерекше қауіп тудырады. Егер 30 жыл бұрын бір жыл ішінде тіркелген осындай қылмыс саны 1,5 мыңға жетіп отырса, былтыр бұл көрсеткіш 118-ге дейін төмендеді.
Топтасып жасалған қылмыстар бойынша да оң динамика байқалады. 1992 жылы Қазақстанда 18928 осындай қылмыс тіркелсе, 1994 жылы олардың саны 24712-ге жеткен. Бұл кезең құқық қорғау органдары үшін ең қиын уақыттардың бірі болды. Қылмыстық топтар белсенді әрекет етіп, оларға қарсы күрес көп күш талап етті. Алайда соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай азайды. 2024 жылы топпен жасалған қылмыстар саны 5588-ді құрап, 4,5 есе төмендеді.
Сонымен қатар министр қылмыс түрлерінің өзгергенін және заманауи технологияларға бейімделгенін атап өтті.
- Алаяқтық кең таралуда. Бұл барлық қылмыстардың 42%-ын құрайды. Адамдар пайда табуды көздеп, күмәнді инвестициялар мен пирамидаларға ақша салады. Негізгі себептер — халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі және азаматтардың полицияға кеш хабарласуы. Бұл көптеген елдерге тән құбылыс, - деді Ішкі істер министрі.
Ержан Саденов министрлік осы қауіппен белсенді күресіп, алдын алу шараларын жақсарту және халықтың киберқылмыстар бойынша хабардарлығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ отырыста Қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы қаралды. Қазіргі құрамдағы кеңес үш жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ішкі істер органдарының қызметін жақсарту бойынша көптеген маңызды қадамдар жасалды.
Айта кету керек, жалпы құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуі елде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық тәртібін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
ІІМ есірткіге қарсы іс-қимылда маңызды қадам жасады. Алғаш рет ведомство жанынан Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңес құрылды.
Бұл азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен есірткіге тәуелділіктің алдын алып, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге, осы бағытта жұртшылықтың білімін шыңдап, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
- Бүгінгі сұрақ өте маңызды. Жастарымыз сіздерді үлгі тұтады. Сол себепті осындай ұсынысты қарап, сіздерді маңызды шараға жинап отырмыз. Есірткінің алдын алуда бірлесе жұмыс істесек деген ниетпен жиналдық, - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Кеңес құрамына танымал тұлғалар, спортшылар мен осы бағыттағы сарапшылар кіреді. Әр түрлі сала өкілдері болса да, бәрінің мақсаты мен мүддесі бір – заманауи бес кеселдің бірі есірткімен күрес.
- Ішкі істер министрлігі жанынан мұндай кеңестің құрылып жатқаны үлкен қадам. Яғни, бір министрліктің ғана жұмысы емес, бұл қоғам болып күресетін дерт, әрбір ата-ананың алаңдайтын мәселесі, әрбір мұғалімнің зер салып көре білетін қырағылығына да байланысты. Балаңа, болашағыңа алаңдайтын болсаң, мұндай бастамадан қоғамның кез келген белсенді мүшесі қалыс қалмауы керек, - деді тележүргізуші Дана Нұржігіт.
Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне арнайы куәліктер табысталды. Сонымен қатар дауыс беру арқылы кеңес төрағасы сайланды. Ол Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов болды. Сондай-ақ кеңес төрағасының орынбасарлары да таңдалды. Олар "Есірткісіз болашақ" қорының төрағасы Жандос Ақтаев және министрліктің есірткіге қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Кеңес қоғамдық сананы өзгерту, есірткілердің зияны туралы халықты ақпараттандырып, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу үшін тиімді шаралар қабылдайтын болады.
Қазақстандық арнайы бөліністердіңкомандалары БАӘ-ден елге оралды. Халықаралық «UAE SWAT Challenge» жарыстарында мемлекет намысынқорғап, үздік нәтиже көрсетті.
Элиталық турнирдің жүлдегерлері мен қатысушыларын елорда әуежайында жақындары, әріптестері, сондай-ақ күштік құрылымдардың басшылығы салтанатпен қарсы алды.
«Жауынгерлеріміздің жетістігі - бұл жеке жеңістері ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Бұл еліміздің күштік құрылымдарының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиімді орындауға әрдайым дайын екендіктерін көрсетеді. Сіздер баршаға өз күштеріңізді, төзімділік пен кәсібиліктеріңізді көрсетіп, әлемдік деңгейде арнайы бөліністердің элитасы арасында еліміздің позициясын нығайттыңыздар», - деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Бес күн бойы өткізілген «арнайы жасақ арасындағы олимпиада» әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ден астам команданы біріктірді. Қазақстанның күштік құрылымдарының атынан 12 команда қатысты.
Әлемнің үздік жауынгерлері шынайы операциялар негізінде жасалған бес күрделі кезеңнен өтті. Әртүрлі тактикалық сценарийлер бойынша әзірленген сынақтар әлемдік стандарттарға сай жабдықталған Дубай полициясының оқу орталығының базасында жүргізілді. Бұл тактикалық операциялар, шабуылдау, адамдарды құтқару, биік нысандарды еңсеру және кедергілерден өту.
Тартысты турнирде қазақстандық командалар жеделдік, ұйымшылдық, дәлдік және біліктіліктерін көрсетті. ІІМ «Сұңқар» командасы үш кезеңде жүлделі орынға ие болды - олардың екеуі «алтын». Жалпы көрсеткіш бойынша«Сұңқар» сайыпқырандары жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Басқа да командалар қазақстандық жанкүйерлерді жоғары нәтижелерімен қуантты. Екінші кезеңде Мемлекеттік күзет қызметінің «Sardar А» командасы «алтын» алса, ҚР ҰҚК-ның «Arystan Team» командасы екі кезеңде үздік үштіктен көрінді.
ҚР ІІМ-нің «Tomiris» әйелдер командасы ерекше көзге түсті. Қазақстан атынан нәзік жандылардың құрамасы мұндай жарысқа алғаш рет қатысуда. Бәсекелестіктің жоғарылығына қарамастан олар әйелдер командалары арасында 2-ші орынға ие болды.
Арнайы бөліністер арасындағы бұл турнир биыл алтыншы рет өткізілді. Әр жыл сайын қатысушылар саны да артып келеді. Аталмыш сайысқа алғаш рет 2019 жылы ІІМ Ұлттық ұланының командасы қатысқан. 2023 жылдан бастап бұл қатарға еліміздің басқа да арнайы бөліністері белсенді түрде қосыла бастады.
Өткен жылы қазақстандық арнайы бөліністердің арасында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Sardar» командасы елімізге тарихи жеңіс – жүлделі үшінші орынды сыйлады. Олар тек Дубай полициясының екі командасына есе жіберген болатын.
Турнир заманауи тәсілдер бойынша тәжірибе алмасуға, арнайы жасақтың дайындық деңгейі мен халықаралық ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізіп, жалпы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға оң әсер етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берілді.
Президентке елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғаны баяндалды.
Соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен.
Ержан Сәденов қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған.
Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Министрдің айтуынша, соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталды, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеді, 64 есірткі зертханасы жойылды. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталды. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленді. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеді.
Ведомство басшысы кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында туризмді дамытудың және шетелдік қонақтар үшін қолайлы жағдай жасаудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Ішкі істер министрлігі елге келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Енді әрбір шетелдік қонаққа елге кірген бойда, сондай-ақ шекара бақылауынан өткен кезде электрондық көп тілді SafeTravel.kz порталына нұсқайтын QR-коды бар арнайы карточка беріледі.
Порталда туристердің Қазақстанда қауіпсіз жүріп-тұруына қажетті ақпарат пен ұсынымдар, сондай-ақ пайдалы мобильді қосымшаларды жүктеуге сілтемелер көрсетілген.
QR-коды бар алғашқы карточкалар елорданың халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарға тапсырыла бастады.
SafeTravel.kz-те:
Жүйе туристердің қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар шетелдік инвестициялар үшін қолайлы әрі тиімді орын ретінде Қазақстанға деген сенімді арттыруға бағытталған.
Дубайда SWAT Challenge халықаралық жарыстары жалғасуда. Оған 100-ден астам елдің арнайы бөліністерінің қызметкерлері қатысып жатыр.
"Томирис" әйелдер командасының мүшесі жарыс барысындағы эмоцияларымен бөлісті.
Қазақстан атынан биыл алғаш рет әйел жауынгерлердің командасы қатысуда. Ол ІІМ жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған "Томирис" құрамасы. Әйелдер барлық сыннан сүрінбей өтіп, ерлермен иық теңестіре, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жарыстың үшінші күнінің қорытындысы бойынша олар 50-ден астам қарсыласын басып озды. Сайыста әйелдер командасы Қазақстаннан бөлек Тайланд пен БАӘ атынан қатысуда.
Біздің команда бірінші рет осындай ауқымды жарыста бақ сынауда. Біз көптеген ерлер командаларын артта қалдырдық. "Томирис", алға! - деді Татьяна Долбышева.
Полиция капитаны Долбышева - 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Полицияда 11 жыл қызмет етеді. Конькимен жүгіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем рекордшысы.
Команданың басқа мүшелерінің де спорттық жетістіктері бар.